Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру ұсынылды

Ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру ұсынылды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 31.05.2023 12:34 622

Ауыл шаруашылығы мамандықтарының мәртебесін арттырудың бірден-бір жолы – осы мамандықтар бойынша оқитын студенттер мен магистранттардың стипедиясын көтеру. Тиісті өтінішті Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттері «Ауыл» партиясы жолдаған.

Хатта шәкіртақының төмен болуына байланысты көп студенттер оқудан кетіп жатқаны туралы жазылған. Ал аталған оқу орнында оқитын алты мыңнан астам студенттің басым бөлігі ауыл жастары. Студенттер өтінішін премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке «Ауыл» партиясының депутаттары жеткізді.

Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендиясы  58 800 теңгені құрайды. Басқалар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандықтарының студенттері 38 процентке төмен, яғни 36 660 теңге алады. Айырмашылық 22 140 теңге. Бір қарағанда, айтарлықтай көп емес, бірақ ауылдан шыққан студент үшін бұның өзі кешенді көмек, бір жыртығын жамауға жақсы жәрдем болар еді.  Себебі бұл мамандықтарда негізінен ауылдан шыққан балалар оқиды, олардың ата-анасыныңда жалақысы жоғары емес екені айтпаса да түсінікті, - деді депутаттар.

Мәліметтер бойынша, биыл республика бойынша «Ауыл шаруашылық және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыты бойынша бөлінген 2400 мемлекеттік грантқа сұраныс болмаған. Тиісінше бұл салада маман тапшылығы артып келеді.

Жалпы айтқанда елімізде ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша төрт мыңға жуық маман жетіспейді. Әсіресе ветеринар, механизатор, веттехник, кәсіби техниканың тілін білетін маман табу қиын, - дейді мәжілісмендер.

Осы орайда Мәжілістегі «Ауыл» партиясының өкілдері ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын педагогикалық және медициналық бағыт бойынша оқитын студенттердің стипендиясымен теңестіру мәселесін қарастыруды сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға