Жаңалықтар

«Ауыл аманаты» бағдарламасын орындауға салғырт қараған басшыларға жаза қолданылды - әкім

«Ауыл аманаты» бағдарламасын орындауға салғырт қараған басшыларға жаза қолданылды - әкім
Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 16.05.2023 19:40 1091

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша әкімдік отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұлов облыста «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады.

Бұл жоба аясында жеке және қосалқы шаруашылықтар 2,5%-бен 8,6 млн теңгеге дейін несие ала алады. Ал ауылшаруашылық кооперативтерін құру, оларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 27,6 млн теңге несие беріледі. Бұл несиені беру арқылы халықтың табысын арттыру көзделген. «Ауыл аманаты» жобасын өңірімізде іске асыру үшін Жамбыл облысына тәжірибе алмасуға бардық. Бүгінде облыстағы 54 ауылға скрининг жүргіздік. Нәтижесінде 3 млрд 103 млн теңгеге 433 тұрғын несие алуға ниет білдіріп отыр. Одан бөлек, қосымша қаражат сұрату үшін аудан әкімдіктері тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Биыл 1 млрд 504 млн теңге бөлініп, оған 188 несие беру жоспарда бар. Несие алуға ниет білдірген азаматтардың құжаттары 3-мамырда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданып, қазір олар қаралу үстінде,-деді С.Өтеғұлов.

Серік Шәпкенов облыста «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жұмыстары нашар жүріп жатқанын айтты. Сол себепті салғырттық танытқан жауапты тұлғаларды сынға алды. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұлов пен «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясының басшысы Данияр Тахановқа қатысты тәртіптік жаза қолданды. Сондай-ақ, облыс әкімі бағдарламаны жүзеге асыруға кедергі болған мәселелерді анықтау үшін бір апта уақыт беріп, маусым айына дейін жобаны толық іске асыруды тапсырды.

Мен сіздер жасаған баяндамадан «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облыста атқарылып жатқан істің жоқтығын көріп отырмын. Бір жарым ай бұрын бұл жобаны қолға алу тапсырылды. Мамыр айында жұмысты бастаймыз, деп айттыңыздар. Алайда, жұмыс жоқ. Бұл жерде бөлінген ақшаны үлестіріп беру емес, бағдарламаның орындалуы маңызды. Оның негізгі мақсаты - кооперативтерді дамыту. Яғни адам өз үйінде малын бағып, тапқан өнімін еш кедергісіз сататын жағдайға жетуі тиіс. Сіздерді басқа өңірлерге тәжірибе алмасуға жібердік. Бірақ бұдан сіздер қорытынды шығара алмадыңыздар. «Ауыл аманаты»  жобасының бар екенін халық әлі күнге дейін білмейді,- деді С.Шәпкенов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға