Жаңалықтар

Ауруға қарсы 10 жылға дейін қорғайтын әмбебап вакцина жасалды

13.05.2025 14:25 487
Ауруға қарсы 10 жылға дейін қорғайтын әмбебап вакцина жасалды

Америкалық ғалымдар Небраска-Линкольн университетінде "Эпиграф" (Epigraph) деп аталатын инновациялық вакцинаны жасап шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл вакцина адамдарда, шошқаларда және құстарда таралатын қауіпті тұмау А вирустарының көптеген штаммдарынан қорғауға қабілетті.

Зерттеу нәтижелері Nature Communications (NatComms) ғылыми журналында жарияланған.

Алты ай бойы жүргізілген сынақтар вакцинаның ұзақ мерзімді иммундық жауап қалыптастыратынын көрсетті, әрі болжам бойынша бұл әсер 10 жылға дейін сақталуы мүмкін.

Жаңа вакцина стратегиясы соңғы жүз жылда пайда болған 6 000-нан астам тұмау вирусы штаммдарының компьютерлік талдауы негізінде әзірленген.

Epigraph арнайы бағдарламалық құралы вирустың иммундық жауапты тудыратын ең тұрақты эпитоптарын анықтап, осылайша үнемі мутацияға ұшырайтын штаммдарға қарсы тиімді "әмбебап" препарат әзірлеуге мүмкіндік берді.

Шошқаларға жүргізілген сынақтар "Эпиграф" вакцинасын қолдану арқылы H1N1 пандемиялық вирусын қоса алғанда 12 түрлі штаммнан тиімді қорғаныс қалыптасқанын көрсетті.

Зерттеудің ерекше маңыздылығы – вакцинаның жануарлар мен адамдар арасындағы зооноздық берілуін болдырмау қабілетінде жатыр.

Ғалымдар алдағы уақытта адамдар арасында ең көп таралған H1 және H3 тұмау штаммдарына қарсы сынақтарды кеңейтуді жоспарлап отыр. Егер нәтижелер сәтті болса, жыл сайынғы вакцинация қажеттілігі жойылып, жаһандық тұмау ауруының деңгейі айтарлықтай төмендеуі мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға