Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен халықаралық дрон-футбол чемпионатының жеңімпаздары атанды
Қазақстандық оқушылар АҚШ-тың Калифорния штатындағы Палм-Спрингс қаласында 30 сәуір мен 2 мамыр аралығында өткен FIDA USA Drone Soccer Championship халықаралық чемпионатында табысты өнер көрсетті. Турнирге 17 елден 100-ден астам команда қатысты.
Жарысқа ел атынан бес команда қатысты. Соның ішінде төртеуі – Астанада, біреуі Ақтөбеде жасақталған құрам. Чемпионат қорытындысы бойынша қазақстандық қатысушылар бірнеше дисциплинада жүлделі орындарға ие болды.
Super Pilot жеке санатында Астана қаласындағы №8 мектептің 9-сынып оқушысы Амантай Арсен бірінші орынды иеленді. Жаттықтырушысы Жәнібек Ражабовтың жетекшілігімен ол турнирдегі ең күрделі техникалық дисциплиналардың бірінде үздік нәтиже көрсетті.
Осы санатта екінші орынды Астанадағы №82 мектептің оқушысы Хайралла Айсұлтан жеңіп алды. Оның жаттықтырушысы – Дінмұхамед Орынбасар.
Drone Soccer Class 20 командалық дисциплинасында қазақстандық команданың бәрі үздік үштікке кірді. Брінші орын –Ақтөбедегі Kemel Bilim командасына, екінші орын – Астана қаласындағы №8 мектеп командасына, үшінші орын №82 мектеп командасына бұйырды.
Командалар халықаралық чемпионатқа бір жылдан астам уақыт дайындалды. АҚШ-тағы жарысқа қатысу алдында олар Астанада өткен ұлттық іріктеуден өтіп, кейін FIDA халықаралық федерациясынан ресми рұқсат алды, – деді Қазақстан дрон-футбол қауымдастығының директоры Әлихан Рыспай.
Турнир қорытындысы бойынша, Қазақстан Class 20 санатындағы ең үздік елдердің біріне айналды.
Бұл қандай жарыс?
Бұл - халықаралық спорт түрі. 5 адамнан тұратын 2 команда матчты тормен жабылған стадионда ойнайды. Әр команданың міндеті қарсыластың қақпасына (ауада ілулі тұрған сақина) мүмкіндігінше көп гол соғу. Ойынға арналған дрондар соқтығысудан қорғау үшін арнайы экзоскелетпен жабдықталған.
Матч 3 раундтан тұрады. Дрондар соқтығысады, күрт манёвр жасайды, қорғанады және шабуылдайды. Трибуналарда жанкүйерлердің дауысы естіледі, ал атмосфера киберспортты, баскетбол немесе футуристік шоуды еске түсіреді.
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды: дрон тек арена ішінде ұшады, төрешілердің қадағалауымен және ережелерді қатаң сақтай отырып жүргізіледі.
Kazakhstan Drone Soccer Association Қазақстанда дрон-футболды дамыту жұмыстарын жүргізіп, мектеп бағдарламаларын, жарыстарды және халықаралық турнирлерге дайындықты ұйымдастырады.
Естеріңізде болса, өткен жылы мектеп командалары FIDA Drone Soccer World Cup 2025 әлем чемпионатында ел намысын қорғады. Чемпионат дрон-спорт астанасы саналатын Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында 25–28 қыркүйек аралығында өтті.