Жаңалықтар

Әуеде тікұшақ көрген браконьер моторлы қайықпен қашпақ болған

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды
Әуеде тікұшақ көрген браконьер моторлы қайықпен қашпақ болған
Фото: polisia.kz 07.11.2022 12:02 2421

Қарағанды облысында әуеде тікұшақ көрген браконьер моторлы қайықпен қашпақ болған, – деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

3 қараша күні Қарағанды облысы Балқаш қалалық полиция бөлімі, табиғатты қорғау бөлімшесінің қызметкерлері Балқаш қалалық балық инспекциясы мамандарымен бірлесіп, “Браконьер” жедел алдын алу іс-шарасын өткізді.

Аталған шараға мамандар тікұшақты пайдаланып, Балқаш көлінің үстінен заңсыз балық аулаушыларды тексеру мақсатында ұшу жұмыстарын жүргізді.

Сағат 19.30 шамасында Шұбар-Түбек ауылының тұсында моторлы қайықты байқаған. Аталған қайықтағылар түкұшақты көре салсымен олардан қашпақ болған. Полиция қызметкерлері олардың соңына түсіп, жағаға жеткенде 39 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Қайыққа тексеріс жүргізу барысында 84 келі балық және 400 метр балық аулау ауы тәркіленді. Табиғатқа келтірілген шығын 417 мың теңгені құрады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға