Жаңалықтар

Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері баспаналы болды

Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері баспаналы болды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 15.12.2023 23:24 687

Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштері 31767 әскери бөлімінің әскери қызметшілері үшін Тәуелсіздік мерекесі қуанышты оқиғамен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әскери қызметшілер отбасыларымен бірге орналасып жатқан үй Күршімде орналасқан. Жалпы ауданы 778,7 шаршы метр ғимаратта 32 пәтер бар. 

Біз әскери қызметшілерге жақсы жағдай жасауға тырысамыз. Осы мақсатта ескі ғимаратты жөндеу жұмыстары 2020 жылы басталды. Нәтижесінде бүгін, міне пәтер иелеріне кілттерін табыстап жатырмыз. Әріптестерімді шын жүректен қоныс тойымен құттықтаймын, - деді ӘШҚҚ әскерлері қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары полковник Асылхан Таубаев.

Әскери адамдар үшін отбасының жағдайы маңызды, сонда ғана олар жақындарына алаңдамайды. Бұл жоба бірінші кезекте әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің лайықты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауға арналған. 

Бүгін баспаналы болдым. Шалғайдағы әскери бөлімдерді назардан тыс қалдырмағаны және біздің әл-ауқатымызды арттыруға қамқорлық жасағаны үшін Қорғаныс министрлігіне алғыс айтқым келеді. Енді біздің кең, жарық және жылы үйіміз бар. Оның үстіне жөндеу жұмыстары да жақсы жасалған, - деді әскери қызметшінің жұбайы Бақыт Камалова.

Айта кетейік, пәтер кілттерін тапсыру рәсімі мемлекеттік мереке қарсаңында салтанатты түрде өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға