Жаңалықтар

Ауаның ластануы адам денсаулығына қалай әсер етеді

Ауаның ластануы адам денсаулығына қалай әсер етеді
Фото: ©El.kz/Марина РУЗМАТОВА 19.02.2024 09:17 654

Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі адамдардың 90% астамы ластану деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған рұқсат етілген шектен асатын ауамен тыныс алады. «Экономикалық зерттеулер институтының» маманы Алтынгуль Утебаева ауа ластануынан халық қандай зардап шегетінін талдап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

БҰҰ сарапшыларының пікірінше, жыл сайын ауаның ластануынан жеті миллион адам қайтыс болады. БҰҰ-да ауаның ластануы адам денсаулығы мен планетаға төнетін негізгі қауіптердің бірі ретінде танылды. Ластанған ауа салдарынан туындаған ауруларды емдеуге жұмсалатын шығындардың мөлшері жылына шамамен 1 триллион долларды құрайды.

Қазақстанда 2019 жылдан бастап стационарлық көздерден атмосфералық ауаға ластаушы заттар шығарындыларының жыл сайынғы төмендеуі байқалады. 2022 жылы олардың көлемі 2 314,7 мың тоннаны құрады, бұл соңғы 8 жылдағы ең жоғары деңгей тіркелген 2019 жылмен салыстырғанда 6,8%-ке аз.

Тиісінше, жан басына шаққандағы ластаушы заттар шығарындыларының көрсеткіші 2019 жылы 134,1 кг-нан 2022 жылы 117,9 кг-ға дейін (12,1% - ға) едәуір төмендеді.

Жаңа экологиялық кодекстің күшіне енуіне байланысты табиғат пайдаланушылар объектілерін санаттарға жатқызу тәртібі өзгертілді, стационарлық көздерден атмосфераға шығарындылар туралы статистикалық байқауды зерттеу шеңберіне IV-санаттағы объектілер кірмеді, өйткені олар экологиялық заңнамаға сәйкес мемлекеттік реттеу шараларынан босатылды. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес бұл өзгерістер 2022 жылы шығарындылар көлемін төмендету факторларының бірі болып табылады.

Ауаның ластануы адам денсаулығына қалай әсер етеді

2022 жылы атмосфералық ауаға шығарылған ластаушы заттардың жалпы көлемінің 1 868,5 мың тоннасы (80,7%) газ тәріздес және сұйық заттар, 446,3 мың тоннасы (19,3%) қатты заттар болды. Газ тәріздес және сұйық заттар негізінен күкіртті ангидридтен (SO2) – 44,0%, көміртегі тотығынан (CO) – 24,0%, азот оксидінен (NO2 ретінде) 16,7% тұрды.

ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылы республиканың ауа бассейніне 213,4 тонна қорғасын және оның қосылыстары, 73,9 тонна марганец және оның қосылыстары, 103,1 тонна мыс оксиді, 382,2 тонна күкірт қышқылы, 53,8 тонна хлор, 264 килограмм сынап сияқты ерекше ластаушы заттар түсті. Бұл ретте, осы заттардың нақты шығарылуы белгіленген шекті рұқсат етілген шығарындылар көлемінен аспады.

Қорғасынның халықтың денсаулығына, әсіресе балалардың IQ-іне әсері туралы көп кейстер белгілі. 1970-ші жылдары АҚШ-та ауадағы қорғасынның ластануы кеңінен таралды, ал балалардың қанындағы қорғасын деңгейі қазіргіден 20 есе жоғары болды. Бостон балалар ауруханасы мен Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының педиатрлары өз зерттеулерінің нәтижесінде келесі қорытындыға келді: қорғасынмен ластау балаларда мидың зақымдалуына және олардың IQ деңгейінің төмендеуіне, тіпті балаларда айқын белгілерісіз балалардың қорғасынмен улануына әкеледі. 

Осы алаңдатарлық көрсеткіштерге жауап ретінде Қоршаған ортаны қорғау агенттігі автомобиль бензинінен қорғасынды алып тастауды бұйырды. Келесі онжылдықта американдық балалардың қанындағы қорғасын деңгейі 95%-ке төмендеді, ал 1980 жылдан бері АҚШ-та туылған әрбір баланың орташа IQ деңгейі шамамен 5 тармаққа көтерілді.

Ластаушы заттардың негізгі көлемі Павлодар (724,2 мың тонна) және Қарағанды (469 мың тонна) облыстарының аумақтарында қалыптасты. Осы екі өңірге еліміздегі ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемінен 51,5% тиесілі болды.

Ең төмен көрсеткіштер Жетісу, Қызылорда, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды.

Ауаның ластануы адам денсаулығына қалай әсер етеді

ДДҰ-ның бағалауы бойынша 2019 жылы Қазақстанда үй шаруашылықтарындағы ауаның және атмосфералық ауаның ластануынан болатын өлім-жітімнің жас бойынша стандартталған коэффициенті 100 000 тұрғынға шаққанда 83,4 адамды құрады, бұл ДДҰ-ның Еуропалық өңірі бойынша орташа деңгейден едәуір жоғары (100000 тұрғынға шаққанда 44,5 өлім).

Әлемдегі ең жақсы көрсеткіштер үш Скандинавия елдерінде байқалды: Финляндия (100000 тұрғынға шаққанда 7,4), Норвегия (7,9) және Швеция (8,1).

Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша жыл сайын ауаның ластануы Қазақстанда 10 мыңнан астам мезгілсіз өлімге әкеп соғады және ел экономикасына 10,5 млрд АҚШ долларынан астам шығын әкеледі. Көптеген жағдайларда ауа сапасының төмендігімен байланысты аурулар мен мезгілсіз өлім қысқы түтінге, атап айтқанда PM2.5 жоғары концентрациясына байланысты.

"Әлемдегі ауа сапасы туралы 2022 жылғы баяндамада" PM2.5 (мкг/м3) орташа жылдық концентрациясы негізінде Қазақстан 23 мкг/м3 деңгейімен (ДДҰ ұсынылған деңгейінен 4 еседен артық) ауаның ластануы бойынша 40-орында тұр (1 орын - ең нашар көрсеткіш) .

Бүгінгі таңда ДДҰ PM2.5 бөлшектерінің жылдық концентрациясын 5 мкг/м3 деңгейінде ұсынады. Қазақстанның көптеген елді-мекендерінде көрсеткіштер ДДҰ ұсынған шегінен едәуір асып түседі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары көрсеткіштер Қарағанды (180 мкг/м3) және Талдықорған (100 мкг/м3) қалаларында байқалды.

Жекелеген зерттеулер ауа ластануының қылмыс деңгейіне әсерін дәлелдейді.  Зерттеу нысаны үшін Алматы қаласы таңдалды, өйткені ол қыста көмірмен жылытуға көп тәуелді, ал қаладағы ауаның ластануы халықаралық қауіпсіздік стандарттарынан үнемі асып түседі. Қыста ауаның маусымдық ластануы бойынша Алматы әлемдегі ең лас қалалардың 2%  қатарына кіреді. Ғалымдар ауа ластануының жоғарылауы қылмыс деңгейінің едәуір артуына әкеледі деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, зерттеушілер ауаның ластануы зорлық-зомбылық қылмыстарға емес, тек мүліктік қылмыстарға, әсіресе ірі ұрлықтарға әсер етеді деген қорытындыға келді. Бұл ауаның ластануы дұрыс шешім қабылдауға кедергі келтіреді, бұл агрессияға емес, жоғары дисконттауға әкеледі деген теорияға сәйкес келеді.

Ауаның ластануы нәтижесінде елдер үлкен экономикалық шығындарға ұшырайды. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, жалпы экономикалық шығын жылына 8 триллион доллардан асады, бұл әлемдік жылдық ЖІӨ-нің 6,1%-ынан асады.

Тиісінше ауаның ластануын азайту елдердің экономикасы үшін экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылады. Мысалы, АҚШ-та 1970 жылы "Таза ауа туралы" Заң қабылданды және соңғы бағалаулар бойынша, Заң қабылданғаннан бері ауаның ластануымен күресуге жұмсалған әрбір доллар 30 АҚШ доллары көлемінде экономикалық пайда әкелді. Бұл артықшылықтар сау және ұзақ өмір сүретін азаматтардың экономикалық өнімділігінің артуын және денсаулық сақтау шығындарының төмендеуін көрсетеді.  

Кәдімгі ауаны ластаушы заттардың жиынтық шығарындылары 77%-ке төмендеді, ал АҚШ ЖІӨ 285%-ке өсті. Сол кезеңде жеке сектордағы жұмыс орындарының жалпы саны 223%-ке өсті. Мысалы, 2018 жылы АҚШ-тың экологиялық технологиялар және қызметтер индустриясы шамамен 345 миллиард доллар табыс әкелді және 47,8 миллиард долларлық тауарлар мен қызметтерді экспорттады, бұл пластмасса және резеңке бұйымдарын өндіру сияқты секторларды экспорттаудан артық болды.

Жалпы алғанда, еліміздегі атмосфералық ауаға зиянды заттар шығарындыларының негізгі көздері ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, автокөлік және жеке тұрғын үйлердің жылыту жүйелері болып табылады.  Өнеркәсіптік кәсіпорындар бір жағынан жұмыс орындарын ашады және экономикалық өсуді қамтамасыз етеді, ал екінші жағынан ластаушы заттардың жоғары концентрациясының себебі болып табылады.

ЭЫДҰ мәліметтері бойынша бүгінгі таңда әлемде ауа ластануының әсерін азайтудың әмбебап рецепті жоқ, өйткені елдер арасында жалпы ластаушы заттар мен көздерге қатысты үлкен айырмашылықтар бар. Осыған байланысты, әрбір көздің атмосфералық ауаның ластануына үлесін белгілеуге және мәселелерді шешу бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуге бағытталған жүйелі негізде сапалы ғылыми зерттеулер жүргізу қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға