Жаңалықтар

Ауғанстандағы қазақтар соғыстың зардабын көрді

Ауғанстандағы қазақтар соғыстың зардабын көрді.
16.10.2014 07:24 3542

Соңында 1922 жылы шығыс Бұхара маңындағы Балжуан мекенінде қызыл əскерлерімен шайқас кезінде ерлікпен шəһид болды. Түркістанға барғанда бүкіл түркілерді өздерінің діни жəне ұлттық мүдделерін жаудан қорғап қалу жолында біріктірді. Солардың қатарында Ауғанстандағы қазақтарда оның үніне үн қосып коммунистерге қарсы шайқасқа кірісті. Түркілердің ұлт-азаттық күресін жан-тəнімен қорғап, қолдау үшін Ауғанстандағы қазақтар толассыз Кеңес жеріне өтіп, коммунистерге шабуыл жасап тұрды. Сол кездегі Ауғанстанның мемлекет басшысы Надыр шаһ(1929-1933) қазақтарды қолдап, оларға жер бөліп беріп, орналастырды. Сол кезде Кеңес өкіметі Надыр шаһқа: «Басмашыларыңды тый, немесе бізге ерік бер» деп талап қояды. Надыр шаһ: «Мен өзім қоныстандырдым. Енді тыя алмаймын» деген жауабымен олардың талабын орындаудан бас тартады. Надыр шаһ қазақтарға шабуыл жасауға келіспегеннен кейін, Кеңес өкіметі арнайы қарулы əскер шығарып, елді аяусыз қыра бастайды. «Қорғансыз елге қатын би» дегендей, қызыл əскер емін-еркін сайран салып, екі айдай елді қойша қырып аттанады. Қызылдардың қырғыны қазақтарға өліктерін көмуге де мұрша бермегендіктен жылауды да ұмытқан екен. Қазақтар: –Біз Ауғанстанды «мұсылман ел» деп паналап келсек, бізді қорғамай кəпірге қырғызды, - деп Ауған елімен соғысады. Бұл қырғын ұрыс бес жылға созылады. Екі жақ та мейлінше шығынға батады. Бұндай аласапыран ауыр кезде басының амандығын ойлаған кейбір адамдар Кеңес өкіметіне өтуге мəжбүр болады. Тағы да зұлмат түнекке аяқ басты. Жүректері оны сезіп тұрса да амалсыз тəуекелге барғандай сыңай танытты. Кеңес өкіметі қашып келгендерге ерекше көңіл бөліп, азық- түлікпен қамтамасыз етіп, «қалғандарды да шақырыңдар!» деп кең пейілдік көрсеткен болады. Арып-ашып жүрген сорлылар «ұзын арқан, кең тұсауға» арқаланып, келе бастайды. Бұл жағдай үш жылға жалғасады. Осы кезде Кеңес Одағында бір зор мереке тойланады. «Ауғанстаннан келгендерге «ерекше ілтипат көрсетіледі» деп елді емексітеді. «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық» дегендей бұл аста-төк «жақсылыққа» алданған елдің бас-аяғы осында жиналады. Бұларды тарпа бас салып, көбін ату жазасына бұйырып, ит өлген жерге айдайды. Сондықтан, басынан қайғы бұлты сейілмеген, тыныш ұйқы, беймарал тірліктен айырылған 2000-дай отбасы Ауғанстанға қайта ауып барады. Олар 1935 жылы өгіздің терісін бітеу сойып үрлеп, Сал жасап түнде Амудариядан өтеді. Дарияның бойын күзеткен шекара күзетшілеріне дымдарын сездірмеген қазақ босқындары жаудың қолына түсіп қалмау үшін бір-біріне белгі бергенде жолбарысша ырылдасып тіл қатысқан екен. Баланы жылатпауға амалсыздан суға да батырып жіберген жайыттар да болғаны айтылады. Сөйтіп, үрейден булыға көшкен ел төрт сағат мөлшерінде Амударияның арғы жағасына өтіп үлгеріпті.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға