Жаңалықтар

Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылының екі тәрбиешісі тәрбиеленушілерді ұрған

Атыраудағы «Шаңырақ» балалар ауылының екі тәрбиешісі тәрбиеленушілерді ұрған
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 13.07.2023 15:15 952

Атырауда отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының екі тәрбиешісі тәрбиеленушілерді ұрған. Балалар ауылында басқа да бұзушылықтар анықталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен аптада Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева «Шаңырақ» балалар ауылындағы ахуалмен танысып, тәрбиеленушілермен кездескен.

Атырау қаласындағы «Шаңырақ» балалар үйінде тұратын балалармен кездесіп, әңгімелестік. Балалар арасында анонимді сауалнама жүргіздім. Әрқайсысымен сөйлесіп шықтым, бейнекамералардың жазбаларын зерттедім. Нәтижесінде екі тәрбиешінің қол көтеруі, балалар ас үйде уақыттың басым бөлігін ана-тәрбиешінің қатысуынсыз өткізген, кейбір тәрбиеленуші балалардың арасындағы конфликтілер, үйде бөтен ересек адамның болуы, бейнекамералар жазбаларының сақталуы мен мерзімі секілді кемшіліктер анықталды. Осыған байланысты тексеру және одан әрі шаралар қабылдауы үшін облыс әкімінің орынбасарына ақпарат бердім. Енді Бас прокуратураға жіберемін, -дейді Динара Закиева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, балалар кім болғысы келетіні жайлы айтып, көкейдегі уайымдарымен бөліскен. Уәкілдің нөмірін жазып алып, хат алмасып тұруға келіскен.

Балалар үйінде және одан кейін әкімдікте облыстың қоғам белсенділерімен, ҮЕҰ кездестік. Қоғам өкілдерінің пікірлері мен көзқарасы әр түрлі екеніне қарамастан, бәрінің мақсаты бір – балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі және оларды манипуляциядан, ересектер арасындағы кикілжіңнен қорғау. Қазір ең бастысы – тексерістің объективтілігі, балалардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында заңға сәйкес шаралар қабылдау. Сонымен қатар, жақында балалар үйінің директорлығына байқау жарияланады, камералар саны көбейтіліп, оларды үнемі бақылау жүргізіп отыру үшін білім басқармасына қосады, -дейді Динара Зәкиева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға