Жаңалықтар

Атыраудағы ЕЭА-ға мемлекет 162 млрд теңге құйып, соның 10% ғана алды – Әшімбаев

Атыраудағы ЕЭА-ға мемлекет 162 млрд теңге құйып, соның 10% ғана алды – Әшімбаев
Фото: El.kz 01.06.2023 12:06 400

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев еркін экономикалық аймаққа қатысты бірқатар мәселеге тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол Сенат отырысында айтты. Еркін экономикалық аймақ қызметінің тиімділігі мәселесін бұған дейін бірнеше рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.

Сенат төрағасы Атыраудағы бір ғана ЕЭА мәселесіне тоқталды.

Мәселен, Атыраудағы ұлттық индустриалды мұнай-химиялық технопарк жұмыс істеп тұр ғой? Істеп тұр. Жоғары аудиторлық палата ұсынған мәліметтер негізінде біз бюджеттің орындалуына байланысты Үкіметтің есебіне дайындалып жатырмыз. Атыраудағы ЕЭА-ға мемлекет соңғы жылдары 162 млрд теңге құйды. Бір ғана еркін экономикалық аймақтағы көрсеткіш. Бұл ретте 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін аталмыш ЕЭА-ның қатысушылары 16 млрд теңге мөлшерінде салық төледі. Яғни мемлекет осы жылдар аралығында 162 млрд теңге салса, 16 млрд теңге ғана салық алған. Өзі құйған соманың 10 пайызын ғана алып отыр деген сөз. Сіз бұл әлі басы, кейін нәтиже болады және т.б. деп айтуыңыз мүмкін. Алайда біз деректерді көріп отырмыз ғой. Оларды ғаламтордан не болмаса әлеуметтік желілерден алып отырған жоқпыз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы деректерді Жоғары аудиторлық палатадан алатынын жеткізді.

Өз кезегінде ЕЭА-ға қомақты қаржы құйылды, бірақ та инфрақұрылым бар болғаны 17 пайызға ғана қамтамасыз етіліп, яғни бұл ЕЭА-да инфрақұрылымның 80 пайыздан астамы салынбағанын атап өтті.

Келесі дерекке ойыссақ. Оған салынған инвестициялар 100 пайызға деп есептелген. Инвестициялардың 99,6 пайызы – квазимемлекеттік сектордыкі. ЕЭА-ның шетелдік және жергілікті инвестицияларды тарту мақсатында құрылатыны белгілі. Егер де біз ЕЭА-ға осындай қомақты қаржы құйып, одан тек салық түрінде 10 пайыз ғана алсақ, бұл ретте оған квазимемлекеттік компания инвестиция құятын болса, онда аталмыш аймақтың қандай тиімділігі туралы айтуға болады? Осыған байланысты Еркін экономикалық аймақ бойынша маңызды әңгіме күтіп тұр, - деді Әшімбаев.

Бүгін Сенатта «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағында еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы мақұлданған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға