Өңірлік коммуникациялар қызметі

Атыраудағы балалар ауруханасында алғаш рет МРТ құрылғысы іске қосылды

27.05.2025 03:20 1283

Атырауда облыстық балалар ауруханасына жаңа магниттік-резонанстық томография құрылғысы ресми түрде қолданысқа берілді,- деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық Балалар күніне орай тарту етілген аппарат өңір тұрғындарының, әсіресе, балалардың денсаулығын жоғары технологиялы әдіспен диагностикалауға мүмкіндік береді. Заманауи талаптарға сай құрылғы тиімді ем-шараларды уақытылы тағайындауға жол ашпақ.

Бұл тек медициналық құрылғы емес, балаларымыздың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Ерте диагноз қою, ауруларды уақытында анықтау – денсаулық сақтаудағы ең шешуші сәттердің бірі. Енді жаңа туған сәбиден 18 жасқа дейінгі балалар  қажетті тексерулер үшін алысқа сабылмайды. Жоғары технологиялы аппарат өз өңірімізде де қолжетімді,- деді облыстық балалар ауруханасының басшысы Алмира Сабырғалиева.

Айта кетсек, МРТ – ағзаның жұмсақ тіндерін, ми, жұлын, буын және ішкі ағзаларды, әсіресе, неврологиялық, онкологиялық және тірек-қимыл жүйесі ауруларын егжей-тегжейлі зерттеуге  мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық әдіс. Құрылғы зиянды сәуле бөлмейтіндіктен балаларға қауіпсіз саналады.