Жаңалықтар

Атырауда жол апаты орын алып, 4 адам көз жұмды

Атырауда жол апаты орын алып, 4 адам көз жұмды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 18.06.2023 06:12 1002

Атырауда жол апатынан 3 адам оқиға орнында, тағы біреуі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, жол-көлік оқиғасы 17 маусымда болған.

Жергілікті уақытпен сағат 16:15 шамасында республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолының 10-шақырымы тұсында Lada Priora және Toyota Camry автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Lada Priora автокөлігі отқа оранды. Көлікті тізгіндеген 1992 жылғы жүргізуші мен 22 жастағы жолаушы, Camry автокөлігінде отырған 1972 жылғы жолаушы оқиға орнында мерт болды. Toyota Camry көлігінің рөлінде болған 42 жастағы жүргізуші дене жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды, - делінген ведомство хабарламасында.

Toyota Camry көлігінің 2 жолаушысы түрлі дене жарақатымен Мақат аудандық ауруханаға жеткізілді.

Патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары, полиция капитаны Алмас Закариевтің айтуынша, облыс аумағымен өтетін тас жолдарда көлік ағыны көбейген.

Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күн сайын жүргізушілерге жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Көлік ағынының артуына байланысты жолда жүру ережесін, жылдамдық режимін қатаң сақтауды ескертеміз, - деді Алмас Закариев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға