Жаңалықтар

Атырауда үш адамды қасақана өлтіріп, біреуін жаралаған жігіт өмір бойына сотталды

Атырауда үш адамды қасақана өлтіріп, біреуін жаралаған жігіт өмір бойына сотталды
Фото: © Pixabay.com 10.05.2023 17:45 759

Атырауда үш адамды қасақана өлтіріп, біреуін жаралаған жігіт өмір бойына сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақпараттың мәліметінше, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үш адамды қасақана өлтіріп, бір адамды қасақана өлтіруге оқталған, атыс қаруларын иемденіп, тасымалдап, қолданған К-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен, 24-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 1,6-тармақтарымен, 99-бабының 2-бөлігінің 1,6-тармақтарымен айыпталған.

«К. басқа некедегі әйелмен кездесе бастаған. Салдарынан әйел үш баласымен сотталушыға кетіп, оларға әкесімен араласуға тыйым салған. Уақыт өте келе, К. көңілдесінің екі жасөспірім баласын ұрған. Бұл туралы балалары әкесіне хабарлап, дене жарақатын түсіріп алған бейнежазбаны көрсеткен. Әкесі полицияға шағымданған. Полиция учаскесінде тараптар арасында келіспеушілік туындап, олар бұл мәселені кешке кездесіп шешетін болып келіскен», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сол күні кеште К. өзімен бірге екі атыс тапаншасын алып, келіскен жерге келген.

Балалардың әкесінің інісі Қ. аталған жерге туыстарымен бірге 2 автокөлікпен келген.

А. (Қ-ның туысы) көліктен шыққан кезде К. оның басына оқ атқан. Кейін автокөлікте отырған Н. және С-ға да оқ атқан.

Қ. өзінің өмірін сақтау мақсатында қаша жөнелген. Алайда, К. оны қуып жетіп, екінші тапаншадан оған бірнеше рет оқ атқан.

Қылмыс жасағаннан кейін К. екі тапаншаны жерге көміп тастап, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін жолда ұсталған.

Сотталушы К-ның қылмыстық әрекетінен жәбірленушілер Қ, Н, С. оқиға орнында қаза болған.

Ал, жәбірленуші А. дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде Атырау облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде тірі қалған.

Сотталушы К-ның кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, мүрделерді қарау, тапаншаларды табу хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен, оқиғаның тікелей бейнесі түсірілген бейнежазбамен дәлелденген.

Сот қаулысымен тағайындалған сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы К. қылмыс жасаған уақытта аффект жағдайында болмаған, психикалық ауытқу анықталмаған.

Прокурор және жәбірленушілер сотталушы К-ны барлық айыппен кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Қорғау тарапы сотталушының іс-әрекетін ҚК-тің 101-бабының 2-бөлігіне (аффект жағдайында адам өлтіру) дәрежелеп, жеңіл жаза тағайындауды, ҚК-тің 287-бабымен тағылған айыптан ақтауды ұсынған.

Ал, сотталушы К. кінәсін мойындамаған.

«Аталған іс бойынша жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жай анықталмады. Сот үкімімен сотталушы К. ҚК-тің 287-бабының 3-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігі 1,6-тармақтары, 99-бабының 2-бөлігінің 1,6-тармақтарымен кінәлі деп танылды. Сотталушының жеке басын, жасалған қылмыстың сипаты мен дәрежесінің қоғамға қауіптілігін, оның қылмыс жасағанға дейінгі және кейінгі мінез-құлқын ескеріп, түзелуіне жеткілікті қажетті, әділ жаза тағайындау және жаңа қылмыстардың алдын алу қағидаларын басшылыққа алып, түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің пайдасына 44 млн теңгеден астам материалды және моральды залал өндірілді», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға