Жаңалықтар

Атырауда Татар халқының мақтанышы Ғабдолла Тоқайды еске алды

Атырауда Татар халқының мақтанышы Ғабдолла Тоқайды еске алды
25.04.2019 00:00 2303

Атыраудың Достық үйінде «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың шығармашылығына арналған кеш өтті.

Ғабдолла Тоқай небәрі 27 жыл ғана ғұмыр кешкен. Ал шығармашылық ғұмыры бар жоғы сегіз жылға созылды. Қысқа ғана ғұмырында ақын  400-ден аса өлең, 9 поэма, 350-ге жуық әңгіме, очерктер мен естеліктерді кейінгі ұрпаққа қалдырып үлгерді. Одан бөлек көптеген ертегілер, памфлеттер мен фельетондар, эсселер жазушының шығармашылық мұрасының ажырамас бөлігіне айналды. Ақын шығармаларында қозғалған басты тақырып  ұлтының тағдыры, мәдениеті және білімді қоғам құру болды.

Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетіліп, көрме-галериясы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, татар тілін үйренуші жексенбілік мектептің тәрбиеленушілері Ғ.Тоқайдың 1907 жылы татар фольклорының желісімен жазылған «Шурале» поэмасынан үзінді көрсетіп, өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыды.

Тіпті кішкентай бүлдіршіндерге дейін ақынның қылқаламынан туындаған өлеңдерін жатқа айтып, көпшіліктің назарын аударды.

Шығармашылық кешті татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің «Татулық» хоры татар тілінде шырқалған әндерімен аяқтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға