Жаңалықтар

Атырауда татар халқының белгілі ақыны Мұса Жәлелді еске алу кеші өтті

Атырауда татар халқының белгілі ақыны Мұса Жәлелді еске алу кеші өтті
12.02.2019 12:13 2231

Ленинград блокадасына 75 жыл және Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 30 жыл толуына орай Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Атырау қаласының «Былина» Халықтық кітапханасында татар халқының белгілі ақыны, Кеңес Одағының батыры Мұса Жәлелді еске алу кеші  өтті.

Еске алу кешіне соғыс ардагерлері, Атырау облыстық ауған соғысы ардагерлері одағы кеңесінің, этномәдени бірлестіктің өкілдері, сондай-ақ Атырау қаласының №12 орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары және татар тілін үйрететін кешкі мектептің тәрбиеленушілері қатысты.

Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан «Моабит дәптері» атты кітабы мен фашистер тұтқынында жүргізген ерлік күресі Мұса Жәлелдің есімін әдебиет тарихында өшірілмес етті.  

Өмірді сүйген лирик ақын фашист түрмелерінің қабырғасында жүріп өзінің от боп туған жыр жинақтары «Моабит дәптері» секілді шығармаларын дүниеге әкелді. Түрме өмірі, тіпті, өлім жазасы туралы үкім оның қарсыласуына деген еркін сындыра алмады. 1944 жылдың 25 тамызында неміс фашистері Мұса Жәлелдің өмірін қыршыннан қиды. Не бары 38 жыл ғұмыр кешсе де, оның өмірі ерлікке, жырға толы болып қалды. Оның жырларынан өлмес өмір лебі еседі. Ақынның өлеңдері 56 тілге аударылған.

1956 жылы неміс басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бір жылдан соң «Моабит дәптері» поэтикалық циклы Ленин сыйлығына ие болды.

Кеш барысында Мұса Жәлелдің өмір жолы туралы деректі фильм көрсетіліп, қонақтар соғыс еңбеккері Максим Еникеев пен Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлері одағы кеңесінің өкілдері Өмірзақ Айсин мен Сергей Павлов Отан үшін от кешкен батырлардың ерлігіне, асқақ рухына тағзым ету – ұрпақ парызы деген өз ойларын жас буынға жеткізді.

Атырау қаласының №12 орта мектебінің оқушылары мен татар тілін үйрететін кешкі мектептің бүлдіршіндері қазақ, татар, орыс тілдерінде өлеңдерін  тамаша мәнерлеп оқыды.  

Сондай-ақ, кітап көрмесі жасақталып, келген кеш қонақтары ақынның қыл қаламынан туындаған  шығармалар жинағымен танысты. «Татулық» хорының орындауында татар халқының әндері де шырқалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға