Жаңалықтар

Атырауда құтқарушылар субұрқақ құбырына аяғы қысылған 10 жасар баланы құтқарды

Атырауда құтқарушылар субұрқақ құбырына аяғы қысылған 10 жасар баланы құтқарды
Фото: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі 21.06.2023 15:52 972

Атырауда 10 жасар баланың аяғы субұрқақтың құбырына қысылып қалған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына сүйенсек, оқиға 20 маусымда болған.

Он жасар бала қатарластарымен бірге жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 8:00 шамасында Атырау қаласының «Вокзал маңы» шағын ауданында орналасқан субұрқаққа ойнауға келген. Сол кезде оның аяғы субұрқақтың су төгетін құбырына қысылып, жасөспірім аяғын шығара алмай қалған. Осыған байланысты оның ата-анасы құтқарушылардың көмегіне жүгінді, - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Оқиға орнынан жедел жеткен құтқарушылар арнайы құтқару құралымен баланың аяғын темір тұрбалар арасынан шығарды. Балаға ешқандай зақым келген жоқ.

Ата-аналарға балаларды субұрқақтың суына түсуге жібермеуін ескертеміз. Өйткені, субұрқаққа құлау, жарақат алу қаупі бар. Жалпы, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, субұрқаққа шомылуға тыйым салынғанын қаперлеріңізге саламыз, -деп мәлімдеді департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларына субұрқақтардағы су ойындарының жарақат алу қаупі, қауіпсіздік ережелерін сақтау, сондай-ақ оларға шомылуға жол бермеу және тыйым салу туралы түсіндіруге шақырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға