Жаңалықтар

Атырауда мәдениет үйінің есепшісі 13 млн теңге жымқырған

Атырауда мәдениет үйінің есепшісі 13 млн теңге жымқырған
Фото: © Pixabay.com 05.05.2023 15:45 904

Атырау облысында мәдениет үйінің есепшісі 13 млн теңгені заңсыз өзіне аударып алған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Атырау облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Рүстем Түсіпбергеннің айтуынша, бірнеше мекемеде жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде өрескел қаржылық заң бұзушылық анықталған.

«Жылыой ауданында №2 жалпы орта білім беретін мектептің директоры жұмыс істемеген екі адамға үш жылдан бері жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам қаржыны жалақыға аударып келген. Осылайша, білім ордасының басшысы еңбек және бюджет кодекстерінің талаптарына қайшы әрекетке барған. Аудит қорытындысымен мақсатсыз жұмсалған қаржы толықтай қайтарылды», - дейді Рүстем Түсіпберген.

Оның айтуынша, қаржыны мақсатсыз жұмсау Құрманғазы ауданындағы Шортанбай ауылдық мәдениет үйінде де анықталып отыр.

«Мәдениет ошағының есепшісі өзінің банктегі карта шотына 13 млн теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған. Осы кезге дейін 5 млн 650 мың теңге кері қайтарылды. Есепшіге қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр», - деп мәлім етті Рүстем Түсіпберген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға