Жаңалықтар

Атырауда бір айға жетпей 8 адам суға батып кетті

Атырауда бір айға жетпей 8 адам суға батып кетті
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 12.07.2023 01:17 625

Атырау облысында жыл басынан бері су айдындарында 10 адам батып кеткен. Оның ішінде 3 бала бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, суға түсу маусымы жылдағыдан 15 күнге кешігіп басталған.

«Атырау облысында жыл басынан бері 10 адам, оның ішінде 3 бала суға батып кетті. Оның ішінде 8 адам шомылу маусымы басталған 15 маусымнан бері жантәсілім етті. Құтқарушылар 4 адамды құтқарып қалды. Бір жасөспірімді іздестіру жалғасып жатыр», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Статистикалық талдауға сәйкес, суға батудың бірнеше себебі анықталып отыр.

Мәселен, ересек тұрғындар мас күйінде суға шомылу, өз күшін асыра бағалау салдарынан оқыс оқиғаға ұрынады.

Ал, кәмелетке толмағандар ата-анасының, туыстарының және жақындарының бақылауынсыз суға түседі.

Бір жасөспірім терең каналға құлап, көз жұмды. Екіншісі арнайы жабдықталмаған жерде шомылу кезінде, үшіншісі қатты ағысы бар өзенге аттан құлап, жантәсілім етті. Сол себептен, ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, су айдындарына өз бетімен шомылуға жібермеуді ескертеміз, - делінген департамент таратқан хабарламада.

Шомылу маусымы басталғаннан бері құқық бұзушыларға 191 хаттама толтырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға