Жаңалықтар

Атырау облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін 3 кешен салынады

Атырау облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін 3  кешен салынады
Фото: egemen.kz 13.03.2023 16:30 1320

Атыраудағы  қатты қалдықтар полигоны толып, қоқыс экологияны ластап жатыр. Тұрғындар қала  қоқыстан көз ашпай тұрғанына наразы. Осы мәселе бойынша El.kz ақпараттық агенттігі Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сұраныс жіберіп,  қандай шара қолданылып жатқанын сұрады.

Атырауда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына жылына 110 мың тонна қоқыс шығарылады. Өңірдегі  55 полигон қаладан шыққан қоқысты өңдеуге аздық етеді. Уақытылы шығарылмаған қоқыс, экологияның ластануына әкелген. Салдарынан тұрғындардың денсаулығы сыр бере бастаған көрінеді.

Атыраудың экологиясын 10 балдық есептік көрсеткішпен бағалайтын болсам, 3 балл ғана берер едім. Себебі ауасы, табиғаты ластанып кеткен. Қалада тұрып жатқаныма 1 жылдан асты. Бұл мәселе әлі де шешімін табар емес. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты дәл қаланың ішінде тұрғаны, қоқыстың үйіліп жиналып қалауы, тұрғындарға зиянын тигізеді. Атырауға көшіп келгелі бері 1 жылдың ішінде денсаулығым нашарлап кетті, – деп атыраулық тұрғын Айжан Байтуякова наразылығын білдірді.

Тұрғындар қала қоқыстан тазаланып, экологиясы жақсарар күнді көргісі келеді. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасындағылар да солай боларына сендіріп отыр. Өйткені өңірде қатарынан қоқыс өңдейтін үш полигон салынып жатыр екен.

 Атырау қаласының сол жақ бөлігінен жеке инвесторды тарта отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу кешені құрылысын салу үшін «Промэкология» ЖШС-не 30 гектар жер учаскесі бөлінді. Инвестиция көлемі – 1 миллиард теңге. 2021 жылы – 120 миллион теңге, 2022 жылы – 500 миллион теңге, 2023 жылы – 380 милллон теңгеге жоспарланған, – делінген Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының берген жауабында.

Жеке инвестордың жобасы жылына қуаттылығы 75 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған. Кешен құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды жобалауға қажетті техникалық шарттар алынды.

Жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталды, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Оң сараптама қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс басталады. Құрылыстың I кезеңін биыл маусым айында, ІІ кезеңін биыл желтоқсан айында іске қосылады деп отырмыз. Қаланың оң жақ бөлігінен жеке инвестордын қаржысымен қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу кешенін салу үшін Махамбет ауданы әкімдігі «ГринСитиКлининг» ЖШС-гі полигонға 5 гектар жер учаскесі бөлінді, – делінген Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жолдаған ақпаратында.

Жеке инвестордың жобасы жылына қуаттылығы 150 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған. Инвестиция көлемі – 3 миллиард теңге. 2021 жылдың сәуір айында құрылысты типтік жобамен салудың жобалау-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтті. Сонымен қатар ғимараттарды сумен, электрмен жабдықтау, газ желісін тартылды.  

Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасындағылар көп ұзамай  қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылатынын айтты.  

Қазіргі уақытта қоқыс өңдеу кешеніне экологиялық кодекстің талаптарына, санитарлық қағидаларға сәйкес келтіру және қоршаған ортаға әсер ету рұқсатын алу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар коммуналдық қалдықтардың түзілу, жинақталу нормаларын, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, әкетуге, кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге және көмуге арналған тарифтер бекітілген соң, қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылады, – делінген басқарманың жауабында.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға