Қызылорда қаласындағы «Арай» саябағында болған қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Аттракционда жұмыс істеген 18 жастағы жігіт ауыр жарақат алып, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын кесуге мәжбүр болды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиға қалай болған
Оқыс жағдай 15 маусым күні Қызылордадағы «Арай» саябағында орналасқан «Америкалық төбешіктер» аттракционында болған.
Саябақты басқаратын «Сыр самалы» ЖШС директорының орынбасары Ғани Тұрсекеевтің айтуынша, зардап шеккен жас жігіт аттракцион операторы болып жұмыс істеген.
Біздің қызметкер, яғни оператор жігіт аттракцион қоршауының ішіне кіріп кеткен. Оның ол жаққа не себепті барғанын тексеруші органдар анықтап жатыр, бізге әлі белгісіз. Негізі қауіпсіздік ережесі бойынша, аттракцион қосулы тұрғанда ішке кіруге мүлдем болмайды, – деді Ғани Тұрсекеев.
Алдын ала мәлімет бойынша, қызметкер жылап тұрған баланы жұбатпақ болып аттракционға жақындаған. Сол сәтте жоғары жылдамдықпен қозғалған кабина оның аяғын іліп кеткен.
Оқиғадан кейін саябақтағы аттракциондар уақытша жұмысын тоқтатты.
Дәрігерлер екі аяғын кесуге мәжбүр болды
Зардап шеккен жігіт медициналық колледжде білім алады. Ол жазғы демалыс кезінде қосымша табыс табу үшін саябаққа уақытша жұмысқа орналасқан.
Көпбейінді облыстық аурухананың мәліметінше, науқас медициналық мекемеге өте ауыр жағдайда жеткізілген.
Жедел жәрдем ауруханаға өте ауыр халдегі 18 жасар жігітті алып келді. Оған бірден шұғыл ота жасалды. Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын да кесуге мәжбүр болды. Сол жақ аяғы санның жоғарғы жағынан, ал оң жақ аяғы тобығынан кесілді, – деді облыстық аурухананың бас дәрігері Жақсылық Баймаханов.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы әлі де ауыр және тұрақсыз күйде қалып отыр. Ол жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
Тергеу еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу және абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.
Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – деді Қызылорда облысы ПД Анықтау басқармасының бастығы Әділ Анарбаев.
Ведомствоның мәліметінше, аталған қылмыстық істің тергелуі Қызылорда облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған. Ал әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар кеңінен тарап, желі қолданушылары зардап шеккен жас жігітке қолдау білдіріп жатыр. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қайғылы жағдайдың нақты себептері мен мән-жайын анықтауда.