Бүгін, 26 қарашада, Алматыдағы Орталық стадионда УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші тур аясында «Қайрат» пен Швецияның «Мьельбю» клубы кездеседі.
Матч қарсаңында алматылық команданың бапкері мен футбол сарапшылары ойынға қатысты пікір білдірді.
«Қайраттың» турнирдегі жағдайы
«Қайрат» Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі үш турдан кейін екі ұпаймен 27-орында тұр. Алматылық команда екі рет тең түсіп, бір кездесуде жеңіліс тапты. Доп айырмасы – 3:7.
Қазақстандық клуб жалпы кезеңді сырт алаңда «Ригамен» 1:1 есебімен тең түсуден бастады. Сонан соң өз алаңында Грекияның «Панатинаикосына» 1:5 есебімен ірі есеппен есе жіберді. Ал 5 қарашада Бергамода «Аталантамен» кездесіп, Марк Гуальдың голының арқасында 1:1 есебімен тең түсті.
Қазақстан чемпионатының аяқталған маусымында «Қайрат» 65 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады. Ал чемпиондық атақ 68 ұпаймен «Ордабасы» клубына бұйырды.
Алматылық команда «Аталантамен» өткен ойыннан кейін үш апта бойы ресми матч өткізген жоқ.
«Қайраттың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Жора Арутюнян Конференция лигасының төртінші турындағы «Мьельбюге» қарсы матч алдында өткен баспасөз мәслихатында команда дайындығы туралы айтты.
Бапкерлік штаб үшін өз алаңымыздағы матчқа дайындықтың сырт алаңдағы ойынға дайындықтан еш айырмашылығы жоқ. Қарсыласты дәл солай талдаймыз. Өздеріңіз бәрін көресіздер, бірақ «Аталантамен» өткен кездесуден кейін белгілі бір өзгерістер болады. Бұл құрамға да, ойын схемасына да қатысты. Бергамода қорғаныста жақсы ойнадық, алайда шабуылда қиындықтар болды. Енді алдыңғы шепте әлдеқайда жақсы ойнағымыз келеді, – деді бапкер.
Жора Арутюнян сырт алаңдағы және өз алаңындағы ойындардың айырмашылығына да тоқталды.
Кейде сырт алаңда ойнау жеңілірек болады. «Аталанта» сияқты деңгейі жоғары қарсыласты алсақ, олар кейде ойынға толық дайын болмай шығуы мүмкін. Біз осы жағдайды пайдалана алдық: қорғанып, өз голымызды салдық. Бірақ матчтың соңына қарай олар негізгі ойыншыларын алаңға шығарып, қысымды күшейтті. Нәтижесінде ойын 1:1 есебімен аяқталды. Ал өз алаңымызда жауапкершілік сезіледі. Трибуна толады, туыстарымыз келеді, футболшылар да басқаша ойнайды. Алдағы екі ойында осы жағдайды түзетуге тырысамыз, – деді Арутюнян.
«Мьельбю» – турнир кестесінде тоғызыншы орында
Швецияның «Мьельбю» командасы Конференция лигасының жалпы кезеңінде үш турдан кейін жеті ұпай жинап, тоғызыншы орында келеді. Клуб екі матчта жеңіске жетіп, бір кездесуде тең түсті. Доп айырмасы – 5:1.
Швед командасы өз алаңында «Интер Эскальдес» пен «Борацты» 2:0 есебімен жеңді. Ал сырт алаңда «Иберия 1999» командасымен 1:1 есебімен тең ойнады.
«Мьельбю» ойын ырғағын жоғалтқан жоқ, ұжымның «Қайраттан» басты артықшылығы да осында. Швеция чемпионаты жалғасып жатыр. 29 турдан кейін команда 29 ұпаймен турнир кестесінде 12-орында тұр.
«Мьельбю» ресми матчтарда қатарынан бес ойын бойы жеңілген жоқ. Осы кезеңде екі рет жеңіске жетіп, үш рет тең түсті. «Кальмар» мен «Броммапойкарнамен» кездесулер 0:0 есебімен аяқталса, 21 қарашада өз алаңында «Мальмёмен» 1:1 есебімен тең түсті. Бұл матчта Виллиам Гранат гол соқты.
Матч алдындағы деректер мен статистика
- «Мьельбю» ресми матчтарда қатарынан бес ойын бойы жеңілген жоқ. Бұл кездесулерде екі жеңіс пен үш тең нәтиже тіркелді. Команда осы аралықта екі гол жіберіп алған.
- «Мьельбю» қатысқан соңғы 11 ресми матчтың 10-ында үш голдан аз соғылған.
- «Қайрат» Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі үш матчтың барлығында гол соқты.
Айдар Арғымбаев: «Қайраттың» «Аталантаға» қарсы ойынын көргіміз келеді
Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы шабуылшысы Айдар Арғымбаев Sports.kz сайтына берген сұхбатында «Қайрат» пен «Мьельбю» арасындағы алдағы кездесуден не күтетінін айтты.
«Қайрат» Италияда «Аталантаға» қарсы көрсеткен ойынын қайталаса екен деймін. Алматылықтардың өз алаңында қалай әрекет ететінін, ойын өрнегі қандай болатынын көру қызық. Сонымен қатар «Қайраттың» «Мьельбюге» қарсы бірінші нөмірмен ойнай ма, әлде бастаманы қарсыласына бере ме деген сұрақ та маған қызық. Матчты асыға күтіп отырмын, – деді сарапшы.
Евгений Аверченко: «Қайраттың» жеңіске жетуге мүмкіндігі бар
Қазақстан чемпионатының бірқатар клубында және ұлттық құрамада ойнаған бұрынғы футболшы Евгений Аверченко да алматылық команданың мүмкіндігін бағалады.
Бұл – футбол, мұнда қай кезде де мүмкіндік болады. «Қайраттың» Италияда «Аталантамен» өткізген соңғы ойыны соны көрсетті. Сондықтан алматылықтарды есептен шығаруға болмайды.
Оның үстіне «Қайрат» өз алаңында, жанкүйерлерінің алдында ойнайды. Олар командаға қолдау көрсетіп, алға жетелейді. Қазақстандық клубтың «Мьельбюге» қарсы матчта жеңіске жетуге мүмкіндігі бар, – деді сарапшы.