Жаңалықтар

Ата-аналар асырап алғысы келетін баланы енді перзентханадан алып кете алады

Ата-аналар асырап алғысы келетін баланы енді перзентханадан алып кете алады
Фото: Видеодан алынған кадр 12.10.2023 12:00 1535

Ринат Зайытов баланы перзентханадан бірден асырап алу мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мәжіліс депутаты жетім немесе ата-анасының қарауынсыз қалған балалар бірнеше ай бойы перзентханада қалып қоятынын алға тартты. Зайытов мәжілісмендер алдында жаңа заң жобасын таныстырған оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспаннан баланы асырап алуды жеңілдететін қандай тәсілдер барын сұрады.  

Бала асырап алғысы келетін таныстарым бар, былай да естіп жүрміз. Перзентханадан баланы бірден алып кетсек дейді. Бюрократиясы бар, тиісінше бұл мәселе ұзақ қарастырылады да, осы аралықта бала ешкімнің қарауынсыз қалады. Оған ешкім ата-ана қамқорлығын көрсетпейді, жасыратын несі бар, дәрігер оған тек дәрігер ретінде қарайды. Заң жобасында баланы перзентханадан бірден алып кететін жеңілдетілген бағдарлама бар ма? – деген сауал қойды.

Вице-министр заң жобасында бұл жағы қарастырылғанын, бала асырап алғысы келетін ата-аналар алдын ала даярлықтан өтетінін алға тартты.  

Отбасы қамқорлығын қажет ететін балалар, оның ішінде көшеден табылған балалар болса да, олар бірден отбасына беріледі. Яғни мұндайда жедел тәсілмен орнаталастыру жағы қарастырылған. Ол дегеніміз кәсіби отбасылар тәуліктің 24 сағатында баланы қабылдап алуға дайын болуы керек. Олар алдын ала тексерістен, психологиялық даярлықтан өтеді. Осындай балаларды тез арада отбасына беру жағын қарастырдық, - деді Еділ Оспан.

Сонымен қатар ведомство өкілі кәсіби отбасында баланың құқығы бұзылғаны анықталса, ондай адамдарға қатысты да шаралар қабылданатынын алға тартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға