Алты жасвр баланың ат үстінде қорықпай шауып, күрделі қимылдарды сенімді орындауы күнде көретін көрініс емес. Әлеуметтік желіде тараған қысқа видео көпшілікті таңғалдырғаны да сондықтан. Ер-тоқымда нық отырған Алан – жай қызығушылықпен емес, жылқымен тіл табысуды ерте меңгерген жас шабандоз. Оның ерекше қабілетінің артында қандай еңбек пен тәрбие жатыр? Бұл туралы біз Аланның анасы Данара Райымбекпен сөйлестік.
Данараның айтуынша, ұлы бала кезінен қозғалысқа жақын болып өскен. Балабақшаға бармағандықтан, ата-анасы оның уақытын түрлі үйірмелермен толықтырған.
Екі жасынан бастап балалар гимнастикасына барды, кейін беговел тепті. Төрт жасында жүзумен белсенді айналыса бастады. Одан кейін футбол, ММА, үлкен теннис қосылды, – дейді ол.
Яғни Алан үшін спорт – таңдалған бағыт емес, бала кезден қалыптасқан өмір салты. Ал атқа деген қызығушылық күтпеген жерден, бірақ өте табиғи түрде пайда болған. Бір қарағанда, жай ғана демалыс сияқты басталған сәт кейін отбасының тұрақты дәстүріне айналады.
Барлығы бір рет бірге атқа мінуден басталды. Сол кезде жай ғана байқап көрдік. Бірақ содан кейін демалыс сайын барып тұруды әдетке айналдырдық. Қазір отбасымызбен демалысты осылай өткіземіз, – дейді Данара.
Бүгінде бұл қызығушылық тек ата-ана мен баланы ғана емес, бүкіл әулетті біріктіріп отыр. Алан сол кезде небәрі 4 жас 8 айлық болған. Кішкентайынан ол көп бала сияқты ойыншық көліктерге, динозаврларға қызыққан. Тіпті олардың атауларын жаттап, түрлерін ажырата алатын болған. Анасы мұның бәрі оның ерекше мінезінің арқасы деп санайды.
Қайсар, табанды, бастаған ісін соңына дейін жеткізгісі келеді, – дейді ол.
Дәл осы мінезі оны ат үстінде де алға жетелеп, жаңа нәрседен қорықпауға үйреткен. Атқа мінуді үйрену бір күннің шаруасы емес. Алғашында Алан ата-анасымен бірге бір ерде отырып, жылқыға үйреніскен. Кейін инструкторлардың ұсынысымен жеке отыра бастайды.
Сол күннен бастап біртіндеп өзі отыруды, басқаруды үйренді. Уақыт өте келе жорғадан желіске, кейін шабысқа өтті, – дейді анасы.
Қазір ол арнайы ат клубында кәсіби нұсқаушылардың бақылауында жаттығады. Бұл – көкпар мен бәйгеде тәжірибесі бар мамандар. Алғашқы әсері де балаға тән – қызығушылық пен қорқыныш қатар жүрген. Бірақ уақыт өте келе сенімділік арта бастаған.
Басында қызық болды, бірақ аздап қорқыныш та болды. Кейін сенімі артып, бәрі біртіндеп жеңілдей түсті, – дейді Данара.
Қазір Алан аптасына үш рет тенниспен айналысады, ал демалыс күндері міндетті түрде атқа мінуге барады. Кейде бұл жаттығудан гөрі табиғат аясындағы еркін серуенге ұласады. Ат спорты оның тек физикалық қабілетін емес, ішкі дүниесін де қалыптастырып келеді.
Ол қорқынышын жеңуді үйренді. Көп нәрсенің мүмкін екенін түсіне бастады. Жылқыны түсініп, оған қамқор болуды да үйреніп жатыр, – дейді анасы.
Ат үстінде жалғыз отыру – жауапкершілікті арттырып, дербестікке баулиды. Сонымен қатар, координациясы жақсарып, бұлшықеттер шынығады, дене тепе-теңдігі қалыптасады. Бұдан бөлек, Алан жаңа ортада ашылып, адамдармен еркін қарым-қатынас орнатуды меңгеріп келеді. Қауіпсіздік мәселесі бұл жерде бірінші орында. Алан тек арнайы үйретілген, жуас әрі басқаруға ыңғайлы аттарға мінеді. Жанында әрдайым инструкторлар мен ата-анасы болады.
Әр жаттығу алдында жабдық толық тексеріледі. Қазір оның өз аты бар – Кобра. Оны бізге клубтың туған күнінде сыйға берді. Алан оны досындай көреді, – дейді Данара.
Ал болашақта, егер Аланның өзі қаласа, бәйгеге қатысып көруі мүмкін. Данара басқа ата-аналарға да өз тәжірибесімен бөліседі.
Қорықпау керек. Алдымен өздеріңіз байқап көріңіздер. Сонда ғана бұл ортаны түсінесіздер. Бірге атқа міну отбасын жақындастырады, – дейді ол.
Айта кетерлігі, Алан – отбасындағы тұңғыш бала. Оның атқа жақын болып өсуіне ағаларының да әсері бар.
Аланның үлкен немере ағалары бар, олар да жылқыға жақын. Соларға қарап өсті. Мүмкін, сол себепті де тез үйреніп кетті, – дейді Данара.
Бүгінде Алан үшін ат – жай ғана жануар емес. Бұл – сенім, еркіндік, жауапкершілік. Алты жасында ол осының бәрін ат үстінде сезініп үлгерді. Ал оның алдағы жолы қандай болатынын уақыт көрсетер. Бірақ бір нәрсе анық: бұл бала қорқыныштан қашпай, оны жеңе алатынын қазірдің өзінде дәлелдеп жүр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұған дейін біз ауыл өмірін насихаттап жүрген түйеші қыз туралы жазған едік.