Қазақстанда үй жануарларын қараусыз қалдыруға немесе көшеге тастап кетуге тыйым салынады. Егер иесі немесе жануарға жауапты адам оны одан әрі асырай алмаса, жануардың басқа жерде тиісті жағдайда ұсталуын қамтамасыз етуге міндетті.
Жаңа талап үй жануарынан бас тартқан жағдайда иесінің жауапкершілігі бірден тоқтамайтынын да нақтылайды.
Үй жануарын асырай алмаса не істеу керек?
Егер азамат қандай да бір себеппен үй жануарын одан әрі асырай алмаса, оны жай ғана көшеге шығарып жібере алмайды. Мұндай жағдайда жануарды басқа жерге орналастыру қажет. Иесі бірнеше жолдың бірін таңдай алады:
- жануарларға арналған панажайға тапсыру;
- уақытша ұстау орнына беру;
- жануарды асырауға және күтіп-бағуға қажетті жағдайы бар басқа жеке тұлғаға беру;
- тиісті жағдайы бар заңды тұлғаға тапсыру.
Яғни үй жануарынан бас тарту жануарды қараусыз қалдыру дегенді білдірмейді. Иесі оның әрі қарай кімнің қарауында болатынын немесе қай жерде ұсталатынын қамтамасыз етуге тиіс.
Уақытша ұстау орнының шығынын кім төлейді?
Үй жануары уақытша ұстау орнына тапсырылған жағдайда да бұрынғы иесінің міндеттері бірден тоқтамайды. Жануардың құқықтық тағдыры анықталғанға дейін оны асырауға жұмсалатын шығынды бұрынғы иесі төлеуге міндетті. Бұл талап жануар жаңа иесіне берілгенге немесе оған қатысты басқа шешім қабылданғанға дейін қолданылады.
Демек, жануарды уақытша ұстау орнына өткізу бұрынғы иесін оны күтіп-бағуға байланысты қаржылық міндеттемелерден автоматты түрде босатпайды.
Жануардан бас тарту жауапкершілікті тоқтатпайды
Құжатта үй жануарынан бас тартқан сәттен бастап иесінің барлық міндеті тоқтайды деген түсінікке жол берілмейтіні көрсетілген.
Үй жануарынан бас тарту оған меншік құқығын басқа тұлға иеленгенге, жануар панажайға тапсырылғанға немесе уақытша ұстау орнына берілген жануардың құқықтық тағдыры анықталғанға дейін оның иесінің не оған жауапты адамның үй жануарына қатысты міндеттерінің тоқтатылуына әкеп соқпайды, – делінген құжатта.
Осылайша, бұрынғы иесінің міндеттері жануар басқа адамның меншігіне өткенге, панажайға тапсырылғанға немесе уақытша ұстау орнындағы жануардың әрі қарайғы тағдыры анықталғанға дейін сақталады.
Енді жануарды көшеге тастап кетуге болмайды
Жаңа талаптың негізгі мәні – үй жануарын асыраудан бас тартқан жағдайда оны қараусыз қалдыруға жол бермеу. Егер иесі жануарды ұстай алмайтын болса, оның қауіпсіз әрі тиісті жағдайға орналастырылуына өзі жауапты болады. Яғни жануарды көшеге шығарып жіберу мәселенің шешімі болып саналмайды.
Бұл талап үй жануарынан бас тарту тәртібін нақтылап, жануардың жаңа иесі немесе тұрақты ұстау орны анықталғанға дейін бұрынғы иесінің жауапкершілігін сақтайды.