Жаңалықтар

Астық импортына уақытша тыйым салынды

Астық импортына уақытша тыйым салынды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі 30.09.2023 17:51 854

Елімізде астық импортына тыйым мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. 

Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ВАК-тың 2023 жылғы 10 тамыздағы шешімі негізінде «Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль және темір жол көліктерімен бидай әкелуге тыйым салу туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №337 бұйрығы шықты. 

Онда 2023 жылғы 11 қазаннан бастап үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге (СЭҚ ТН: 100119; 100199) 6 ай мерзімге тыйым салу ұзартылғаны туралы айтылған. 

Сондай-ақ, лицензияланған элеваторлардың, астық өңдеушілердің және құс шаруашылығы кәсіпорындарының атына бидай әкелуді қоспағанда, үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен темір жол көлігімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге 6 ай мерзімге тыйым салу (СЭҚ ТН: 100119; 100199) белгіленген. 

Осылайша, бидайдың кез-келген тұтынушысы оны лицензияланған элеваторлар арқылы импорттай алады. Сондай-ақ, енгізілген шектеулер Қазақстан аумағы арқылы бидайды темір жол көлігімен транзиттік тасымалдауға қолданылмайтынын атап отыр. 

Астық өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарының тізбесін «Атамекен» ҰКП қалыптастырады және өзектендіреді. Лицензияланған элеваторлардың тізімі арнайы сайт деректеріне сәйкес қалыптастырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға