Астанада 19 қыркүйек күні «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day-ге орай жалпы қалалық экологиялық акция өтеді.
Акцияға елорда тұрғындары, волонтерлер, жастар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысып, саябақтар, гүлзарлар, аулалар және басқа да қоғамдық әрі табиғи аумақтарды қоқыстан тазартады.
Сонымен қатар акция аясында ағаш отырғызу жұмысы жүргізіледі. Айта кетейік, 12 қыркүйекте басталған «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы Астанада жалғасып жатыр.
Елорда аудандарында саябақтар, гүлзарлар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдарға іргелес аумақтарды санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмысы жүргізіледі.
Экологиялық айлық тұрғындарды қаланың тазалығын сақтау, елорданы абаттандыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелеріне ортақтастыруды көздейді.
Астана тұрғындары мен қонақтарын 19 қыркүйектегі акцияға қатысып, аумақтарды тазалауға және ағаш отырғызуға атсалысуға шақырады. Бұл қаланың тазалығы мен көркеюіне әркімнің өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.