Жаңалықтар

Астаналықтар «Музей түнінде» 200 мыңнан астам экспонатты тамашалады

Астаналықтар «Музей түнінде» 200 мыңнан астам экспонатты тамашалады
Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ 19.05.2023 13:02 807

Бір халықтың тарихымен етене танысу үшін ең әуелі музейіне барып көріңіз. Музей – ықылымда жер бетінде жасаған ұлы өркениеттер баянын айна қатесіз айтып береді.

Табаны бүгінгі таңда топыраққа тиіп тұрған сіз бен біздің алдымызда талай сулар ақты. Мына жұмыр жаһанға жеті жұрт келіп, жеті жұрт кетті. Бізден бұрын ғұмыр кешкен адамзаттың тыныс-тіршілігі кімді болсада қызықтырары анық. Танып біле келе көңіліңізге сәуле түскендей болады. Бағзыдан жеткен жәдігерлермен үнсіз тілдессеңіз жүрегіңіз тазарады. Мынау жарық жалғанға бес күндік қонақ екенімізді, бір күні бізде мәңгілікке көшетінімізді ойлаймыз. Сонда келешек ұрпаққа қалдырар, олар қызыға тамашалар қандай асылымыз қалады? Иә, мұражай сонысымен де қымбатты, ғазиз. Мұражайсыз біздің тарихымыз жоққа тән болмақ. Қазақстандағы 264 мұражай еліміздің бай тарихының, жауһар өркениетінің, өнері мен ғылымының айғағы, айнасы.

 
Астаналықтар «Музей түнінде» 200 мыңнан астам экспонатты тамашалады

Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музейлер түні» акциясы өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйтқы болуымен өткен тарихи-танымдық шараға 47 мыңнан астам адам қатысқан екен.

Іс-шараның ашылуында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Ұлттық музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен және алдағы мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады. Сондай-ақ салтанатты рәсім барысында еліміздің әр өңірінен келген үздік музей қызметкерлері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
 
Ұлттық музей қабырғасында концерттік және ойын-сауық бағдарламасы, ойындар, квесттер, дәрістер, музей реставраторларының шеберлік сабақтары, қолөнершілер жәрмеңкесі, театрландырылған экскурсиялар және бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырылды. Келушілер «Музей түніне» арнайы дайындалған кітап және авторлық қуыршақтар көрмесін тамашалады, сондай-ақ белгілі тарихшылар мен басқа да танымал тұлғалар экскурсия өткізген «Жұлдызды гид» жобасына қатысты.

74 мың шаршы метрді құрайтын және 200 мыңнан астам экспонаты бар елдегі ең үлкен музейге барлық тілек білдірушілер әрең сыйды, ал кейбір залдарда мүлдем ине шаншар орын болмады.

Астаналықтар «Музей түнінде» 200 мыңнан астам экспонатты тамашалады

Осы ғажап кештің әсері әлі басылған жоқ, сыйлаған рухани нәрі ұшан-теңіз болды. Иін тірескен халықтың қарасы қалың, музей жабылғанша келушілердің қатары сиремеді. Бала-шағасын ерткен әке-шешенің, немерелерін жетелеген ата-әженің жанарында қуатты ұшқын бар. Бәрінің көкейінде жалғыз мақсат: ұрпағым ата-бабасының тарихымен танысса екен, көз аясы кеңіп, өткен замандар тағылымнан сабақ алса екен дейді. Сеңдей соғылысқан жұртшылық әрбір жәдігерге сүйсіне қарап, тарихына қанығып жатты. Аумағы ат шаптырым ұлтттық музейдің қайсы залына барсаңда жайраңдаған балалар. Әр неге қызыға қарап, оның құпиясын білуге асық болып жүр.

Біздің көзімізге бес бірдей немересін ерткен әжеміз оттай басылды. Амандасып әңгімеге тартқан едік, есімі Әсия екен.

Астаналықтар «Музей түнінде» 200 мыңнан астам экспонатты тамашалады

Біз қала маңындағы Көкталда тұрамыз. Құдайға шүкір, өскен-өнген әулетпіз. 6 бала тәрбиелеп өсірдік. Бәрі бастарына отау көтеріп, бауырына қазан асты. Қазір немерелеріміздің қызығына тоймай, соларға өнегемізді көрсетіп отырмыз. Ұрпақты ұлтжанды қылып тәрбиелеу керек. Өз ұлтын сүйіп, мақтаныш қылып ержеткен баланың ертеңі де жарқын болады. Сондықтан жолдасым екеуміз немерелерімізді тарихи орындарға, музей мен театрға көбірек апаруға тырысамыз. Жолдасым қалған немерелерім динозавр көреміз дегесін анау залға кетті, – деп мейірлене жымиды.

Сонымен қатар біз алтын залынан Пәкістан мен Германиядан келген 13 профессорді кездестірдік. Әлемнің басқа түкпірінен келген, бөгде мәдениеттің өкілі «Музей түнін» басқаша бағалар еді. Бұрын-соңды өзіне бейтаныс мәдениеттің жауһары алдыңнан андағайлап шыққанда әсеріңді айтарға сөз жетпей қалары қақ. Өн-бойы сом алтыннан құйылған «Алтын адам» кімді болсын бейжай қалтырмасы анық.  Шетелдік ғалымдар Сармат көсемі, Алтай көсемі, ғұн көсемі реконструкциясының алдында ұзақ тұрды. Жанарларында бұл не ғажап деген таңданыс оты бар.

Астаналықтар «Музей түнінде» 200 мыңнан астам экспонатты тамашалады

Біз жуықта ашылған қару-жарақ көрмесінен және бір шетелдік қонақты кездестірдік. Ыстамбұл қаласының тұрғыны Акиолдің терең білім иесі екенін бірер ауыз сөзінен аңғарылды.

Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Астанаға жеткен беті бірден музейге тарттым. Мен баста таңғалдым. Недеген көп адам келеді деп. Есіктен кіргенде барып «Музей түні» өтіп жатқанын білдім. Менің ең үлкен қызығушылығын музей аралау. Жаңа музеймен танысқан сайын рухым ғажайып күй кешеді. Шексіз бақытқа бөленем. Лувр, Ватикан, Эрмитаж, Уффици галереясы секілді әлемдегі көптеген мұражайларды араладым. Ал бүгінгі күннің маған сыйлаған әсері басқаша. Мен негізі музейді тыныштықта, жалғыз аралағанды қалаймын. Сол кезде әр заипен рухани тілдесіп, олардың сырына тереңірек бойлай аласың. Алтын адамдардан бастап мына қару-жараққа дейін өткеннен сыр шертеді. Біз түбі бір түркі жұртымыз. Бұл бізгеде бөтен емес. Сондықтан мен тағы бір күні адам аяғы сирегенде келіп тереңірек танысуға тырысамын, - дейді шетелдік қонақ.

Мұражай тарихымыздың терең қатпарынан үн қатады. Сол үнді тыңдап, жүрегімен сезініп өскен ұрпақ ұғымтал, рухты болып ержетпек. Біз мұржайымызбен, ондағы бай да шүлен өркениетімізбен мақтана аламыз. Қазақ тарихта есесі көп кеткен, теперішті аз көрмеген халық. Тәуелсіздік алғаннан бері қарай өткеннің ақтаңдағын толтырып, жарасын жазудамыз. Әртүрлі мәдениет орындарына деген сұраныстың күн өткен сайын көптеп артып келе жатқаны – тарихи сананың қайта жаңғырғаны.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға