Жаңалықтар

Астаналықтар әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Жәмилә Бақбергенованы қарсы алды

Астаналықтар әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Жәмилә Бақбергенованы қарсы алды
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 23.09.2023 22:25 764

Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында әйелдер күресінен қола жүлдегер атанған елордалық Жәмила Бақбергенова елге оралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Белградтағы әлем чемпионатына 77 мемлекеттен 1000-ға тарта күрес шеберлері қатысты. Айтулы бәсекеде жерлесіміз Жәмилә 72 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қола жүлдені еншіледі.

Бұл 27 жастағы елордалық спортшының дүние жүзі бәсекесіндегі қатарынан үшінші жүлдесі. Ол 2019 жылы Ослода, былтыр Белградта күміс жүлдеге ие болған.

Жанкүйерлердің қолдауын шын сезіндім. Маған демеу берген жандарға көп рақмет!
Әлем чемпионаты мен үшін қоламен аяқталды. Әрине, алтын не күміс алсам деген мақсатым болды. Бірақ бұйырғаны қола медаль екен. Алдымызда үлкен жарыс, яғни жазғы Азия ойындары күтіп тұр, бұйырса сәл тынығып жол жүреміз, - деді әлем чемпионатының қола жүлдегері Жәмила Бақбергенова.

Айта кету керек, Жәмилә – мұндай нәтижеге қол жеткізген әйелдер арасындағы тұңғыш қазақ балуаны. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).

Енді Астана қаласының балуаны Қытайда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды. Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 кг салмақта күресетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға