Жаңалықтар

Астаналық полицейлер тұрғындарды сан соқтырған алаяқты ұстады

Астаналық полицейлер тұрғындарды сан соқтырған алаяқты ұстады
Фото: © Polisia.kz 25.12.2023 08:32 523

Елорданың тәртіп сақшылары алақтық бойынша күдіктіні ұстады. Желіде "ұтысқа бәс тігіп, ақшаңды көбейтіп беремін" деген бейтаныс жігітке сенген оннан аса азамат сан соғып қалған, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Астана қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел іздестіру шаралары барысында Алматы ауданы ПБ полицейлері 19 жастағы Астана тұрғынын ұстады. Ол өзінің алаяқтық әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында Instagram-да букмекерлік кеңселерде бәс тігу үшін өз парақшасына жазылушыларға өзіне ақша аударса, соны бірнеше есеге көбейтуге уәде бергені анықталған.

Ақшаны алғаннан кейін біраз уақыттан соң алаяқ белгілі бір сома ұтып алғанын, ол үшін өзіне тағы ақша аударуды хабарлаған. Алайда, ақшасын "букмекерлік кеңсеге бердік" деп алданғандар ақшаларын сол күйі кері ала алмаған, - делінген полиция хабарламасында.

Осылайша, Шымкент қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, 70 мың теңгені бәс тігу үшін аударғанын айтқан. Қостанай облысындағы ауыл тұрғыны да дәл осындай жолмен алданып, 47 мың теңгесінен айырылған. Осыған ұқсас қылмыс белгілері бойынша полицияға 17 азамат арызданған.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат кінәсін мойындады, оның Астанада осыған ұқсас алаяқтық істеріне қатысы бар-жоғы тексерілуде, - деді Астана қаласы ПД баспасөз қызметі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға