Астаналық оқушы су тұтынуды есептейтін платформа әзірледі

 instagram.com/su_resurstari_ministrligi
Фото: instagram.com/su_resurstari_ministrligi

Астанадағы №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жәңгір Әбуов әр қазақстандықтың күнделікті су тұтыну көлемін есептеуге мүмкіндік беретін «Су ізі» атты интерактивті платформаны әзірледі.

Жоба пайдаланушыларға өз тұтыну әдеттерін талдап, суды үнемдеудің жолдарын ұсынады.

Бұл бастамаға Су ресурстары және ирригация министрлігі қолдау білдірді. Ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов жас өнертапқышпен және жобаға жетекшілік еткен педагогтермен арнайы кездесіп, жобаның маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысында «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен оқушының ата-анасы арасында «Су ізі» платформасын бірлесіп дамыту туралы келісімге қол қойылды. Құжат аясында интерактивті жүйені жетілдіру және оны кеңінен енгізу жоспарланып отыр.

Жобаның ерекшелігі – оның күнделікті өмірге бейімделгенінде. Платформадағы есептеулер пайдаланушылардың әдеттеріне негізделіп жүргізіледі. Онда тұрмыста және тамақтану кезінде жұмсалатын су көлемі ғана емес, сонымен қатар су ресурстарын жанама пайдалану да ескеріледі. Жүйе енгізілген деректерді автоматты түрде өңдеп, суды үнемдеуге бағытталған нақты ұсыныстар береді, – делінген мәліметте.

Жоба аясында ағартушылық бағыт та қамтылған. №91 мектеп-гимназиясының тағы бір 10-сынып оқушысы Адият Шадияр су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға арналған қысқаметражды бейнероликтер сериясын ұсынды. Бұл роликтерде «Тамшы» атты анимациялық кейіпкер арқылы су ресурстарын тиімді пайдалану жолдары қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізіледі.

Сонымен қатар Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен оқушының ата-анасы аталған ақпараттық материалдарды тарату бойынша да ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

Министрлік өкілдері жасөспірімдердің бұл бастамасын жоғары бағалап отыр. Атап айтқанда, су ресурстары саласының мамандары мұндай жобалар өскелең ұрпақ арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Оқи отырыңыз