Астанаға бір күнге келсеңіз қайда барар едіңіз? Бәйтерекке көтерілесіз бе, әлде Ұлттық музейге кіресіз бе? Мүмкін, Бас мешіттің сәулетіне тамсанып, кешке Атырау көпірінен күннің батуын тамашаларсыз. Біз елорда қонақтары міндетті түрде көруі тиіс ең танымал 10 орынды жинақтадық. Бұл орындар елорданың сәулеті мен тарихын ғана емес, оның ерекше атмосферасын да сезінуге мүмкіндік береді.
Республикадағы Бас мешіт
2022 жылы ашылған Республикадағы Бас мешіт бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі мешіттің бірі саналады.
Көк күмбезі, ақ мәрмәр қабырғалары мен кең ішкі ауласы мыңдаған туристің қызығушылығын тудырып келеді. Мұнда әлемдегі ең үлкен қолмен тоқылған кілемдердің бірі төселген.
📍 Мәңгілік ел даңғылында орналасқан.
Бәйтерек
Елорданың ең басты символының бірі – Бәйтерек монументі. Биіктігі 97 метр болатын нысан Қазақстан астанасының жаңа дәуірінің белгісі саналады.
Оның жоғарғы панорамалық залынан қаланы алақандағыдай тамашалауға болады.
Мұнда келушілердің көпшілігі Елбасының алақан ізі орналасқан композицияны көру үшін келеді. Бәйтерекке көтерілгенде Астананың заманауи сәулеті мен көрікті көшелері ерекше әсер қалдырады.
📍 Нұржол бульвары, 14 мекен-жайында орналасқан.
Ұлттық музей
Қазақстанның ең ірі музейі саналатын бұл кешен ел тарихын ежелгі дәуірден бүгінге дейін баяндайды.
Мұнда Алтын адамның көшірмесі, археологиялық жәдігерлер, этнографиялық бұйымдар және тәуелсіз Қазақстан тарихына арналған заманауи залдар орналасқан.
Интерактивті технологиялардың арқасында музейге саяхат қызықты өтеді.
📍 Тәуелсіздік даңғылы, 54
Хан Шатыр
Әлемдегі ең үлкен шатыр пішіндес ғимараттың бірі саналатын Хан Шатыр – елорданың ең танымал орындарының қатарында.
Мұнда сауда орталығы ғана емес, ойын-сауық аймақтары, мейрамханалар, кинотеатрлар және жоғарғы қабаттағы әйгілі Sky Beach Club жағажайы орналасқан.
Сондықтан бұл жерді балалар да, ересектер де жиі таңдайды.
📍 Тұран даңғылы, 37
Астана ботаникалық бағы
Қаланың қақ ортасындағы ең жасыл әрі тыныш орындардың бірі – Ботаникалық бақ.
Мұнда серуендеп, велосипед теуіп немесе таза ауада демалуға болады. Бақ аумағындағы оранжереяда сирек кездесетін өсімдіктер өсіріледі. Бұл жер фотосессия жасау үшін де танымал.
📍 Мәңгілік Ел даңғылы маңы
Атырау көпірі
Есіл өзені үстінен өтетін Атырау көпірі – елорданың ең ерекше сәулет нысандарының бірі.
Көпірдің сыртқы келбеті бекіре балығының қабыршағын еске түсіреді. Кешкі уақытта жарық шамдары жанғанда бұл жер фото және видео түсіруге таптырмас локацияға айналады.
📍 Орталық саябақ маңы
Mega Silk Way
EXPO аумағында орналасқан Mega Silk Way – елордадағы ең үлкен сауда және ойын-сауық орталықтарының бірі.
Кең дәліздері, әлемдік бренд дүкендері, кинотеатрлар мен дәмханалары бұл жерді қала тұрғындары мен туристердің сүйікті мекеніне айналдырған. Сауда орталығынан «Нұр Әлем» (экспо-2017) сферасына әдемі көрініс ашылады.
📍 Қабанбай батыр даңғылы, 62
«Әзірет Сұлтан» мешіті
Қазақстандағы ең ірі мешіттердің бірі саналатын «Әзірет Сұлтан» елорданың рухани орталығы ретінде белгілі.
Классикалық ислам сәулеті мен қазақы ою-өрнектер үйлескен ғимарат алыстан көз тартады. Әсіресе кешкі уақытта жарық шамдары жанғанда ерекше көрініс қалыптасады.
📍 Тәуелсіздік даңғылы, 48
Астана опера
Өнер сүйер қауым үшін міндетті түрде баруға тиіс орындардың бірі – Астана Опера театры.
Театрдың сәулеті мен ішкі безендірілуі еуропалық сарайларды еске түсіреді. Мамандар оның акустикасын әлемдегі ең үздік театрлардың деңгейімен салыстырады.
Мұнда опера, балет және симфониялық концерттер тұрақты өткізіледі.
📍 Дінмұхамед Қонаев көшесі, 1
Океанариум (Ailand)
Мұхиттан мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан әлемдегі ерекше океанариумдардың бірі дәл Астанада орналасқан.
Мұнда 3 мыңнан астам теңіз жануары мекендейді. Шыны тоннель арқылы жүріп өткен кезде акула мен түрлі балықтарды жақыннан көруге болады.
Сондықтан бұл жер балалар үшін де, ересектер үшін де қызықты.
📍 Қорғалжын тас жолы, 2
Бәйтеректен бастап Бас мешітке дейінгі бұл нысандар Астананың бүгінгі келбетін айшықтап тұр. Әрқайсысының өзіндік тарихы, сәулеті мен ерекшелігі бар. Сондықтан елордаға жолыңыз түссе, осы орындарды көріп, Астананы өз көзіңізбен танып қайтуға кеңес береміз.