Астанада Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Елордадағы №128 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де ашылып, дауыс берушілерді қабылдауға кірісті.
Аталған учаскеге оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да келіп, өз таңдауын жасады.
№128 сайлау учаскесінде 1782 сайлаушы тіркелген.
Дауыс беру барысын шетелдік бақылаушылар да қадағалап отыр.
Таңғы уақытқа қарамастан, өз таңдауын жасауға келген тұрғындар көп.
Солардың бірі – Қуантай мен Ғалия Темірбаевтар отбасы. Олар жолға шығар алдында сайлау учаскесіне арнайы келген.
Біз жолға шығатын едік. Сайлауда дауыс беру үшін сапарымызды сәл кейінге қалдырып, таңертең учаскеге келдік. Енді жолға аттанамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді ерлі-зайыпты.
Ел аумағындағы сайлау учаскелерінің басым бөлігі таңғы сағат 07:00-де ашылды.
Қазақстан бойынша 10 мыңнан астам учаске жұмыс істеп тұр. Олардың кейбірі сайлаушыларды сағат 06:00-ден бастап қабылдады.
Құрылтай депутаттарын сайлауға жеті саяси партия қатысып жатыр.
18 жасқа толған әрбір Қазақстан азаматы дауыс беру арқылы ел болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдіре алады.