Астанадағы өрт: үш баласынан айырылған ананың қазіргі жағдайы қандай

 Грок
Фото: Грок

Астанадағы қайғылы өрттен кейін ауыр халде ауруханаға түскен әйелдің жағдайы туралы жаңа мәлімет жарияланды. Бұған дейін оның жағдайы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөлімінде ем алып жатқаны хабарланған еді. Қазір дәрігерлер науқастың жағдайы тұрақтанғанын айтады.

Науқастың жағдайы тұрақтанды

El.kz тілшісінің сұрауына берген жауабында Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы науқастың жағдайы біршама жақсарғанын алға тартты. 

12 сәуір күні Түркістан көшесінде болған өрт салдарынан зардап шеккен әйел бастапқыда ауыр жағдайда №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланып отыр. Науқас толық көлемде ем қабылдап жатыр және комбустиология бөлімінде емделуде, – деп нақтылады басқарманың баспасөз хатшысы Ақбаян Арапшаева.

Есін жиды

Бұған дейін травматолог дәрігер Марат Сабыров науқастың жағдайының ауырлығына күйік жарақаты, тыныс алу жолдарының зақымдануы және ағзаның улануы себеп болғанын айтқан.

Қазіргі таңда пациент есін біледі, берілген бұйрықтарға жауап береді. Барлық қажетті дәрі-дәрмекпен ем жүргізілуде. Тыныс алу өкпені жасанды желдету аппараты арқылы қамтамасыз етілуде. Жүрек қызметі мен артериялық қысымы тұрақты, – деген еді дәрігер.

Сол кезде зардап шеккен әйел жансақтау бөлімінде жатқан. Оның психологиялық жағдайы туралы нақты ақпарат берілмеген.

Қайғылы оқиға қалай болды

Еске сала кетейік, 12 сәуірге қараған түні Астананың Есіл ауданында, Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында өрт шыққан. Оқиға кезінде 20 адам эвакуацияланғанымен, пәтер ішінен үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды.

Сондай-ақ бір әйел күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, пәтер есігі ішінен темір есікпен жабылып, екі құлып салынғандықтан, құтқарушылар оны арнайы құралдардың көмегімен бұзып кірген.

Айта кетейік, бұған дейін куәгер Астанадағы өрттің мән-жайын айтып бергені жайлы жазған едік. 

Оқи отырыңыз