Астанадағы LRT-ның қолданысқа қашан берілетіні анықталды

 ЖИ (ChatGPT)
Фото: ЖИ (ChatGPT)

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы жеңіл рельсті көліктің (LRT) жолаушылар үшін жақын апталарда іске қосылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Журналистердің сұрағына жауап берген қала басшысы нақты ашылу күні әлі бекітілмегенін айтты. Дегенмен іске қосар алдында БАҚ өкілдеріне арналған шағын пресс-тур ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Біз алдағы 2-3 апта ішінде іске қосамыз деп үміттенеміз, – деді әкім.

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, LRT жүйесі барлық сынақ кезеңінен сәтті өткен.

Қазір барлық 18 пойыз жұмыс істеп тұр. Аралығы – шамамен 3,5 минут. Жылдамдығы жоғары, басқа көлік түрлеріне қарағанда екі есе жылдам, – деп атап өтті ол.

Әкім сондай-ақ негізгі станциялардың дайын екенін жеткізді. Олардың қатарында «Абу-Даби Плаза», «Ботаникалық бақ», «Астана Арена», Mega, «Әуежай» және жаңа теміржол вокзалы бар.

Қазіргі уақытта станциялар маңындағы аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қала басшысының айтуынша, жаздың соңына дейін LRT желісі бойындағы аумақ толық ретке келтіріледі: асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге жүру ыңғайлы болады.

Сонымен қатар әкім тұрғындардың LRT-ның қыс мезгіліндегі жұмысына қатысты алаңдаушылығына да жауап берді. Оның айтуынша, өткен қыста қар арнайы техниканың көмегінсіз тазартылғанымен, жүйе қалыпты режимде жұмыс істеген. Қазіргі таңда арнайы техника жеткізіліп жатыр, ал келесі қысқа дейін толық дайын болады.

Жекелеген учаскелерде су жиналуы мен бояудың жарылуына қатысты сын-пікірлерге тоқталған әкім нөсер су жүйесі енді ғана толық іске қосылып жатқанын, ал бояу жұмыстары жылы мезгілде аяқталатынын айтты.

Елордада LRT-ның сынақ режиміндегі жұмысы 2025 жылдың 29 қыркүйегінде басталған. Ол кезде сынақтар кемінде алты айға созылатыны хабарланған болатын.

2026 жылдың наурыз айында Жеңіс Қасымбек жолаушылар тасымалы көктемде басталатынын айтқан. Ал City Transportation Systems (CTS) компаниясының мәліметінше, пойыздардың жылдамдығы сағатына 40-50 шақырымды құрайды. «Нұрлы жол» станциясынан әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минутты алады. Қозғалыс интервалы учаскеге байланысты 5-10 минут аралығында болады.

Бұған дейін әкімдік LRT тарифіне қатысты жобаны қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Құжатта жолақы құнын 200 теңге деңгейінде белгілеу ұсынылды. Ал жекелеген жеңілдік санаттары үшін жол жүру ақысы көлік картасы арқылы тегін болуы мүмкін. Алайда бұл тариф әлі түпкілікті бекітілмеген.

Оқи отырыңыз