Астана соңғы жылдары сәулетімен ғана емес, ашық аспан астындағы заманауи өнер туындыларымен де ерекшеленіп келеді. Қаланың әр бөлігінде пайда болған ерекше мүсіндер тұрғындар мен туристердің назарын аударып, фотосуретке түсетін танымал орындарға айналды. Әрқайсысы өзіндік идеяны жеткізіп, қала кеңістігіне жаңа мазмұн береді.
Кітап оқып отырған адам мен телефонға үңілген мысық
Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан ақ түсті кітап оқып отырған адамның мүсіні алғашқы көргеннен-ақ назар аударады. Минималистік стильде жасалған туынды білімге, ойлануға және тыныштыққа үндейтіндей әсер қалдырады. Ақ түсті бейне айналасындағы қала көрінісімен үйлесіп, ерекше композиция түзген.
Одан сәл әрірек телефонға үңіліп отырған мысықтың мүсінін көруге болады. Бұл екі мүсін бір-бірімен байланысып тұрғандай көрінеді: бірі – кітапқа үңілген адамды, екіншісі – смартфоннан бас алмайтын қазіргі қоғамды бейнелейтіндей. Қала тұрғындарының арасында дәл осы екі арт-нысанның астарлы мағынасы туралы түрлі пікірлер жиі айтылады.
Ит жетектеген ханым
Сарайшық көшесінің бойындағы тағы бір ерекше композиция – ит жетектеп келе жатқан әйелдің мүсіні. Толықтай металлдан құйылған туынды күнделікті өмірдің қарапайым көрінісін өнерге айналдырған. Қозғалыс үстіндегі бейне мүсінге шынайылық беріп, жанынан өткен адамға тірі кейіпкердей әсер қалдырады.
Жер шарын көтерген Атлант
Сол көшеде орналасқан Атлант мүсіні көлемімен де, идеялық мазмұнымен де ерекшеленеді. Ежелгі грек мифологиясындағы алып күш иесі бұл композицияда жер шарын иығымен емес, мойнымен көтеріп тұрған кейіпте бейнеленген. Металлдан жасалған мүсін заманауи сәулетпен үйлесіп, қаланың ерекше фотонүктелерінің біріне айналған.
Қаланың жаңа келбетін айшықтайтын өнер
Мұндай заманауи мүсіндер әлемнің Нью-Йорк, Чикаго, Сингапур, Дубай сияқты ірі қалаларында кең таралған. Олар тек сәндік элемент қана емес, қоғамдық кеңістікті жандандырып, тұрғындарды өнермен жақындастыратын мәдени нысандар саналады.
Астанада да мұндай арт-объектілердің көбеюі қаланың заманауи келбетін айқындап, серуендеуге шыққан жандар үшін жаңа әсер сыйлайтын орындардың қатарын арттырып келеді. Бүгінде бұл мүсіндердің көпшілігі әлеуметтік желілерде жиі жарияланып, елордадағы ең танымал фотолокациялардың біріне айналған.