Астанада балалардың шығармашылығын дамытуға арналған ондаған орталық жұмыс істейді. Қаладағы 14 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымының ішіндегі ең ірілерінің бірі – Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы. Бүгінде мұндағы оқушылар халықаралық байқауларда ел намысын қорғап қана қоймай, мемлекет басшыларын қарсы алу секілді маңызды ресми шараларға да қатысып жүр. El.kz тілшісі аталған білім ордасына арнайы барып, оның тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
«Ата-аналар балаларын үйірмеге емес, ұстазға бола әкеледі»
Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы – Астанадағы ең алғашқы, тәжірибелі қосымша білім беру ұйымдарының бірі. 1988 жылы құрылған білім ордасы биыл 38 жылдығын атап өтіп отыр.
Қазір сарайда үш мыңнан астам оқушы тәрбиеленіп жатыр. Мұнда шығармашылықтан бастап спорт пен жаңа технологияларға дейінгі ондаған бағыт қамтылған. Балалар домбыра тартып, ән айтып, би билеп қана қоймай, робот құрастырып, шахмат ойнап, бағдарламалау негіздерін меңгереді. Сонымен қатар жүзу, баскетбол, волейбол, каратэ секілді спорттық үйірмелер де сұранысқа ие.
Оқушылар сарайының директоры Алмагүл Джапарованың айтуынша, оқушылар сарайының беделін қалыптастырған – өз ісіне адал ұстаздар қауымы.
Бұл жер ашылған күннен бастап еңбек етіп келе жатқан ұстаздар бар. Сондықтан ата-аналар баласын белгілі бір үйірмеге емес, өз ісінің шебері болған педагогтерге сеніп тапсырады, – дейді ол.
Директордың сөзінше, кейінгі жылдары балалардың техникалық бағыттарға қызығушылығы артқанымен, хореография көш басында тұр.
Біздің мақтанышымыз – шығармашылық ұжымдарымыз. «Бәйтерек», «Эдельвейс», «Алтын дән» сияқты ансамбльдер тек қала көлемінде ғана емес, халықаралық байқауларда да жоғары нәтиже көрсетіп жүр, – дейді Алмагүл Джапарова.
Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының ең танымал жобаларының бірі – «Шаттық» шығармашылық байқауы. Сондай-ақ «Рақмет саған, туған ел» вокалдық конкурсы, «Махамбет оқулары», «Сөз шебері» шешендік өнер байқауы және басқа да көптеген жоба бар.
Біз мектептерге байқаудың ережесін алдын ала жібереміз. Әр мектеп өз ішінен үздік оқушыларды анықтап, қалалық кезеңге ұсынады. Кейін қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталады. Солардың арасынан ерекше көзге түскен балаларды өз үйірмелерімізге тартып, әрі қарай жұмыс жүргіземіз, – дейді директордың орынбасары Айымгүл Жабаева.
Президенттерді өз көзіммен көрдім – барабаншы қыз
Оқушылар сарайының мақтаныштарының бірі – барабаншылар ансамблі. Құрамында жүзге жуық қыз бар бұл ұжым кейінгі жылдары халықаралық деңгейдегі ресми іс-шараларға қатысып жүр.
Мәселен, ансамбль мүшелері Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанды және Ресей Президенті Владимир Путинді қарсы алу рәсімдерінде өнер көрсеткен.
Барабаншылар ансамблін ерекше мақтан тұтамыз. Олар мемлекет басшыларын қарсы алу рәсімдеріне тұрақты қатысады. Мұндай шараларға қатысу үшін тек өнерлі болу жеткіліксіз. Барабан ауыр, қыздар ұзақ уақыт саппен жүріп, ырғақты дәл сақтай білуі керек. Мұнда тәртіп те, төзімділік те қажет, – дейді Алмагүл Джапарова.
Осындай маңызды шараларға қатысып жүрген оқушылардың бірі – Астана қаласындағы №47 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Айзере Мұрат. Ол «Бәйтерек» халық би ансамблінде он жылдан бері би билеп келеді. Ал соңғы бір жылда салтанатты барабаншылар ансамблінің құрамына қабылданған.
Осы уақыт ішінде Айзере ансамбльмен бірге Польша, Испания, Италия және Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық байқауларға қатысып үлгерген. Дубайдағы фестивальде ұжым Гран-при мен бірнеше жүлделі орынды жеңіп алған.
Дегенмен жас өнерпаз үшін ең ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей Президенті Владимир Путинді қарсы алу рәсімдері болған.
Режеп Тайып Ердоған қарсы алуға алғаш барған кезде қатты толқыдым. Бұған дейін мемлекет басшыларын тек теледидардан немесе әлеуметтік желіден көретінмін. Ал бұл жолы оларды өз көзіммен көрдім. Әсіресе, Қазақстан президентін көргенде ерекше мақтаныш сезімі болды, – дейді Айзере.
Салтанатты рәсім әуежайда өткен. Оның айтуынша, Түркия Президентін қарсы алу кезінде балалар арнайы құттықтау сөздерін айтып, барабаншылар ансамблі музыкалық композиция орындаған.
Балалар «Атажұртқа қош келдіңіз» деген сөздер айтты. Сол сәт әлі күнге дейін есімде. Мұндай шараларға қатысу үлкен жауапкершілік жүктейді, – дейді жас өнерпаз.
Қазір Айзере «Бәйтерек» ансамблімен бірге Грузияда өтетін халықаралық байқауға дайындалып жатыр. Оның айтуынша, шетелде Қазақстанның атынан өнер көрсету де, мемлекет басшыларын қарсы алу рәсімдеріне қатысу да үлкен мәртебе.
«Шетелге шыққанда қазақтың өнерін танытамыз»
Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының «Бәйтерек» халық би ансамблі де ерекше. Ұжымға 40 жылға жуық уақыттан бері қосымша білім беру педагогі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Майя Байтенова жетекшілік етіп келеді.
Ол бұл оқушылар сарайына педагог болып келген кезде білім ордасының ашылғанына небәрі бір жыл болған. Содан бері балаларды би өнеріне баулып, талай халықаралық байқауда ел намысын қорғаған.
Балалармен жұмыс істеуден ешқашан жалықпаймын. Әрқайсысының мінезі де, дүниетанымы да әртүрлі. Бірақ олардың барлығын біріктіретін бір нәрсе бар. Ол – өнерге деген сүйіспеншілік. Сол сүйіспеншілік бізді алға жетелейді, – дейді Майя Байтенова.
Оның жетекшілігіндегі ансамбль Италия, Испания, Польша, Түркия, Болгария, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық фестивальдерге қатысқан.
Қай елге барсақ та, ең алдымен қазақтың өнерін көрсетуіміз керек деп айтамын. Өйткені көрермен біздің мәдениетімізді, ұлттық биімізді сол арқылы таниды. Сондықтан біз үшін әр сапар – жай ғана байқау емес, Қазақстанды таныстыру мүмкіндігі, – дейді ансамбль жетекшісі.
Бүгінде «Бәйтерек» халық би ансамблі жаңа халықаралық байқауларға дайындалып жатыр.
Танымал түлектер
Оқушылар сарайының түлектері арасында бүгінде елге белгілі азаматтар бар.
Мәселен, әнші Мирас Жүгінісов кезінде байқауға қатысып, жүлделі орын алған. Тележүргізуші Дарын Олжабай да шығармашылық жолын дәл осы жерден бастаған. Сонымен қатар әнші Александра Самарина, орындаушы Алексей Филатов, актер Әлібек Әлмәдиев және басқа да өнер иелері кезінде осы сарай қабырғасында тәрбиеленген.
Жыл сайын жүздеген бала біздің сарайдан қанаттанып шығады. Олардың арасында бүгінде елге танылып жүрген өнер адамдары, журналистер мен актерлер бар. Осындай түлектердің жетістігін көрген сайын қуанамыз, – дейді Алмагүл Джапарова.
Әр балаға мүмкіндік беріледі
Оқушылар сарайы тек дарынды балаларға арналған орын емес. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен де жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Білім ордасында балалар ағылшын тілін меңгеріп, арт-терапия сабақтарына қатысады. Жақында олардың шығармашылық жұмыстары Президенттік орталықта қойылып, республикалық көрмеге ұсынылған.
Бізге әртүрлі балалар келеді. Үздік оқитындары да, тұйық мінезділері де, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар да бар. Басты мақсатымыз – әр баланың қабілетін ашу. Өйткені кейде бала мектепте байқалмауы мүмкін, ал дәл осы жерден өзін тауып жатады, – дейді директор.
Болашақ көшбасшылар тәрбиеленетін орта
Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы шығармашылықпен қатар көшбасшылық бағыттағы жұмысқа да ерекше мән береді.
Бүгінде қаладағы мектеп парламенттерінің жұмысын үйлестіретін жедел штаб осы оқушылар сарайында жұмыс істейді. Қаладағы 120-ға жуық мектептің президенттері мен белсенді оқушылары осында жиналып, түрлі жобалар мен бастамаларды жүзеге асырады.
Біздің мақсатымыз – балаларды ерте жастан жауапкершілікке, әділдікке және белсенді азаматтық ұстанымға баулу. Мектеп парламенттері арқылы олар ұйымдастырушылық қабілетін дамытады, қоғамдық жұмыстарға араласады, түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысады, – дейді Айымгүл Жабаева.
Оның айтуынша, мектеп парламенттері буллингтің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, еріктілік мәдениетін дамыту және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын насихаттау бағытында да жұмыс атқарады.
Тегін үйірме де, ақылы бағдарлама да қолжетімді
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазіргі таңда оқушылар сарайында үш мыңға жуық бала білім алып жатыр. Оның шамамен екі мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында тегін үйірмелерге қатысады.
Ал қосымша бағыттарға жазылған балалар ваучерлік жүйе арқылы білім алады. Үйірме құны бағытқа байланысты өзгеріп отырады.
Біз мемлекеттік мекеме болғандықтан бағалар әкімдік бекіткен тариф бойынша жүргізіледі. Үйірмелердің бағасы 8 мың теңгеден басталып, 18 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл қаладағы көптеген орталықтармен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді, – дейді директордың орынбасары.
Шығармашылық лагерь жұмыс істейді
Оқу жылы аяқталған соң балалар үшін жазғы шығармашылық лагерь жұмыс істейді.
Лагерьге 6-12 жас аралығындағы балалар қабылданады. Мұнда олар сурет салып, ән айтып, би билеп қана қоймай, бассейнге барып, спорттық жарыстар мен квест ойындарына қатысады.
Ең қызығы – лагерь бағдарламасы балалардың қызығушылығын арттыру үшін ойын форматында ұйымдастырылады.
Біз балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі қызықты өткізуге тырысамыз. Сондықтан барлық сабақ ойын элементтерімен өтеді. Театрландырылған қойылым, түрлі спорттық жарыс, шығармашылық тапсырмалар ұйымдастырылады. Балалардың уақытын телефонға емес, достарына арнағанын қалаймыз, – дейді Айымгүл Жабаева.