Жаңалықтар

Астанадағы ауыз су тапшылығына Кіші Талдыкөлдің құрғауы әсер етті ме?

Астанадағы ауыз су тапшылығына Кіші Талдыкөлдің құрғауы әсер етті ме?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 04.07.2023 13:00 1970

Астанада Кіші Талдыкөл толық тартылуы мүмкін. Жергілікті тұрғындар мен эколог мамандар,  қоғам белсенділері Кіші Талдыкөлдің тағдырына қанша алаңдап, сақтап қалуға тырысқанмен көлдер жүйесінің тек біреуі ғана қалатын болды. Сот шешім солай шығарылған. Тұрғындар әлі де табандылық танытып, Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтып отыр.

Талдыкөлді көміп тастаудың салдары қандай?

Астанадағы Талдыкөлге қатысты екі жақты пікірдің шыққанына екі жыл болды. 2021 жылы қала әкімдігі Кіші Талдыкөлді көміп, орнына тұрғын үй кешенін салды. Әкімдік кіші Талдыкөлді шалшық су десе, экологтар оның 13 мың жылдан бері тұрған толыққанды көл екенін айтады.

1960 жылға дейін Үлкен және Кіші Талдыкөлдің арасында Талдыкөл деген ауыл болған. Сол ауылдың маңында үш кезеңге тиесілі мазарлар бар. Ең ежелгі мазар орта ғасырларға тән. Бозоқ қаласы осы Талдыкөл маңынан табылған. Осы тарихи деректер Талдыкөлдің ежелден келе жатқан көл екенін растайды, – дейді экологтар.

Олардың сөзінше, көл болса да, шалшық болса да ол – табиғи экожүйе. Қай-қайсысы да құнды. Ал Талдыкөл – толыққанды табиғи көл. Ол жерде құстардың 168 түрі мекен етеді.

Талдыкөлдің көл екені, оның қашан және қалай пайда болғаны, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы топографиялық карталарда анық көрсетілген.

Әкімдік көлді көп бөлігі ластанып кеткесін оны көміп тастау туралы шешімге келген.

Ал белгілі эколог Сәкен Ділдахметтің айтуынша, Талдыкөлді көміп тастау экологиялық балансты бұзады. Талдыкөл орнында болғанда ыстық күндері қаладағы ылғалдықты сақтап тұрар еді. Себебі, Талдыкөлді қаланың өкпесі іспетті.

Жағалауға салынған көп қабатты үйдегі тұрғындарға күннің ыстығында өте қиын. Әсіресе, балаларға обал. Егер сол маңайдағы көлді көмбей, қалпына келтіріп қалдырғанда қала іші салқын болар еді. Табиғатта ешқашан экологиялық балансты бұзуға болмайды, - деді ол.

Оның сөзінше, шағын көлшіктер мен жасыл белдеулер Астана сияқты тұрғын үйі тым көп қалаға ауадай қажет.

Алайда эколог Азаматхан Әміртай әріптесінің бұл пікірімен мүлдем  келіспейді. Оның айтуынша кіші Талдыкөл деген жиналып қалған шалшық су ғана.

Үлкен Талдыкөл бар. Ол жерде үлкен парк, су қоймасы болады. Ол қаланың жобалық-сметалық құжатында бар. Ал енді кіші Талдыкөл деп аталатын бергі жағында шалшық сулар 2005 жылдан бері құрғатыла бастады. Ол жерге Ханшатыр сынды бірнеше құрылыс нысандары салынды. Қазір сол кіші Талдыкөлдің құрғауынан Астанада ауыз су мәселесі туындады деп айтылып жүр. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Астанада судың жетіспеуі насостардың, техникалық инфраструктураның нәтижесі ғана. Соны дұрыстаса мәселе шешіледі. Астана халқының көбеюіне байланысты судың қысымы мен көлемі жетпей жатыр, - деді эколог.

Кіші Талдыкөлге қатысты пікір әлі де бір арнаға тоғыспай тұр. Әркім өз айтқанын дұрыс деумен келеді. Бірақ табиғаттың заңдылығы бұзылған жерден экологиялық апат басталатынын ұмытпау керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға