Жаңалықтар

Астанада жылыту маусымына дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр

Астанада жылыту маусымына дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр
Фото: Астана қалалық әкімдігі 17.07.2023 07:19 820

Астанада тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері бойынша бірқатар объекті салынып жатыр, оның ішінде газ жылу станциялары, сорғы-сүзгі су станциясы (ССС-3-тің 2-кезеңі), ЖЭО-3 және т.б. бар. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен елорда әкімі Жеңіс Қасымбек инфрақұрылымдық объектілер құрылысының барысын және жылумен жабдықтау жүйелерінің алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылады.

2023-2024 жж. күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де бірқатар қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жұмысы жоспарланған. Жұмыстың бір бөлігі орындалды. Сондай-ақ ЖЭО-1 және ЖЭО-2 аумағында газбен жабдықтаудың сыртқы желілері салынды, ЖЭО-1-дегі барлық 10 қазандық агрегаты мен ЖЭО-2-дегі су жылыту қазандықтары қайта жаңартылды. Қазандықтарды қайта құрудың басты бөлігі – табиғи газды немесе көмірді/мазутты жағуға арналған жанғыш құрылғыларды ауыстыру.

Сондай-ақ, «Астана-Энергия» АҚ нысандарын аралау барысында премьер-министрдің бірінші орынбасары мен Астана әкімі жабдықтардың тозуын азайту, елорданы сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қоршаған ортаға кері әсерді барынша азайтуға бағытталған жаңа технологияларды енгізу үшін іске асыру жоспарланып отырған перспективалы жобалармен танысты.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы қосымша жылумен қамтамасыз ету үшін «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» екі газ жылу станциясының құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олардың қуаты құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 қуатынан асып түседі. Осы газ жылу станцияларын алдағы жылыту маусымында кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр.

Нысандарды аралау барысында премьер-министрдің бірінші орынбасары мен Астана әкімі жаңа сорғы-сүзгі станциясының (ССС-3) жұмысымен танысты. Маусым айында ССС-3 жұмысының бірінші кезеңі іске қосылды, сондай-ақ Астана су қоймасынан су тартқыштың жаңа тармағының құрылысы аяқталды. Бұл қаладағы сумен жабдықтау мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. ССС-3 екінші кезеңін осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан басқа, Нұра жерасты су кен орнынан су құбырын жобалау және Телман елді мекенінде ССС қуатын кеңейту бойынша жобалау аяқталып қалды. Бұл жобалар қаланы одан әрі де ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қосымша мүмкіндік береді.

Аралау барысында мердігерлердің алдына белгіленген мерзімде газ жылу станцияларының, ЖЭО-3, ССС-3 (2-кезең) құрылысын аяқтау міндеті қойылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға