Жаңалықтар

Астанада журналистер арасында бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы турнир өтті

Астанада журналистер арасында бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы турнир өтті
Фото: Қайрат Сақтың facebook-тегі парақшасы 23.06.2024 17:47 325

Елордада журналистердің кәсіби мерекесіне орай бильярдтан жазушы, журналист, ғалым, профессор Ақселеу Сейдімбектi еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заманымыздың бітім-болмысы биік заңғар ұлдарының бірі болған Ақселеу Сейдімбектің турниріне өзінің көзі тірісінде бірге жүрген жолдастары мен шәкірттері, еліміздің белгілі журналистері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Майталмандар тобынан I орынды ардагер фотожурналист Мақсут Иржанов, II орынды белгілі сатирик-журналист Базарбек Түкібай, III орынды ардагер журналист һәм  қайраткер-қаламгер Сәдібек Түгел, IV орынды белгілі журналист Тұрмағанбет Кенжебаев қанжығасына байласа, журналист жігіттер тобынан I орынды «Хабар» агенттігінің жас қызметкері Ахмет-әлі Сахов, II орынды Nur media холдингінің  директоры, ақын Талғат Ешенұлы, III орынды «Qazaqstan» телеарнасының режиссоры Асылхан, IV орынды «Егемен Қазақстан» газетінің фотожурналисі Ерлан Омаров жеңіп алды.

Бұдан басқа «Ең сыйлы», «Ең мәдениетті», «Ең шебер», «Ең мерген», «Ең шапшаң», «Техникасы ең мықты тастаяқшы» жүлдегерлері анықталып, иелерін тапты. Тіпті «Ешкімнің көңілін жықпай, қарсыластарына жол берген» ойыншы да мараптталды.

Мұндай дәстүр өркениетті елдердің бәрінде бар. Аста-төк той, киіз үй тігу деген болмайды. Оларда ғылыми конференция немесе спорттық жарыстар өтеді. Сондай дәстүр біздің арамызға да кіріп жатыр. Бұл бір жағынан өте пайдалы. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі керек. Жастарды көріп жатырмыз. Әңгімелесеміз, білісеміз. Бұл турнирдің ұлттық бірлікке қосатын үлесі зор.Ақселеу өмір бойы «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» секілді газеттерде істеді. Тек кейінгі жылдары болмаса. Сондықтан бұл турнирді журналистер күнінде әріптестері арасында өткізу заңды. Ақселеу шын мәнінде журналист болды. Тіпті журналистігі басым болды деп ойлаймын. Өте маңызды мереке деп есептеймін, - дейді мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға