Жаңалықтар

Астанада жұмыссыз жастардың мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Астанада жұмыссыз жастардың мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Фото: © El.kz 10.10.2023 12:29 667

Астана қаласының Статистика департаментінің мәліметінше, елордада 14-35 жас аралығында 440 мыңнан астам жас бар. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбекке қабілетті жастар саны – 298 мың, оның ішінде жұмыс істейтіндер 286 мың, жұмыссыз – 12 мың адам. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 0,6% төмендеді, яғни 4,6% болса, қазіргі таңда 4% құрайды (2023 жылғы ІІ тоқсан).

Жастарды жұмыспен қамту – өзекті мәселе. Бұл бағытта әкімдікпен бірнеше бағдарлама іске асырылуда. Мысалы, жастарға арналған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және т.б.

Әр тоқсан сайын жастарға арналған бос орындар жәрмеңкелерін өткіземіз. Осы уақытқа дейін «Жастар» сарайында, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да және Есіл университетінде өткізілді. Алдағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қазан айының 24-іне жоспарланған.

Жаз мезгілінде 4200 жас «Жасыл ел» жобасы аясында жұмыс істеді. Олардың ішінде: көпбалалы отбасылардан шыққан балалар – 2648, толық емес отбасынан шыққан балалар – 387, жетім балалар – 69, оқу орнында есепте тұрған – 11, отбасында бір мүмкіндігі шектеулісі бар – 34 бала, - деді басқарма басшысы.

Ол өз сөзінде жұмыспен қамту мәселесінде NEET санатындағы жастарды ерекше атап өтті. Яғни NEET санатындағы жастар дегеніміз – оқу оқымайтын, жұмыс істемейтін азаматтар.

Олардың үлесі ІІ тоқсан қорытындысы бойынша 6,1% немесе 25 мың адамды құрайды. Оларды әлеуметтендіру мақсатында «Жас жігер» жобасы ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға