Жаңалықтар

Астанада Ы. Алтынсарин атындағы кітап үйі ашылды

Астанада Ы. Алтынсарин атындағы кітап үйі ашылды
Фото: Видеодан кадр 06.09.2023 23:06 637

Елордада еуропалық стандартқа бейімделген Ыбырай Алтынсарин атындағы кітап үйі ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі 24.kz сілтеме жасап.

Бұл заманауи кітап дүкені ғана емес, түрлі рухани шаралар өтетін әдеби салон болады дейді ұйымдастырушылар. «Алматы кітап» баспасының әдеби үйі кітапсүйер қауымға ыңғайлы етіп жасалған. Бұл заманауи кітап дүкені «Алматыкітап» баспасы Директорлар кеңесінің төрайымы – Элеонора Баталованың бастамасымен ашылды. Жаңа әдеби кітап үйінде қазақ мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін кітаптар көптеп қойылған. Сондай-ақ, «Алматыкітап баспасы» дәстүрлі қағаз форматтағы кітаптармен қатар, цифрлық оқулықтарды да жасап шығарған. Мәселен, Алматыдағы Абай атындағы кітап үйі ТМД елдеріндегі ең үздік дүкен ретінде бас жүлдені жеңіп алған.

Ыбырай атындағы кітап үйі тура Алматыдағы Абай атындағы кітап үйінің ең үздік нұсқасы десек болады. Ыбырай кітап үйі Еуропалық стандартта жасалған. Ішінде эксклюзивті кітаптар сатылады. Бұл жерде қаламгерлермен кездесуге, басқа да жазушылардың кітабының тұсаукесерін жасауға болады, - дейді «Алматы кітап» баспасы жобалық PR бөлімінің басшысы Гүлмарал Қабдоллашева.

Мұнда шамамен бір жарым мың автордың алты мыңнан астам кітабын табуға болады. Кітап дүкенінде ұлы тұлғалар сериясымен танысасыз. Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин туралы әдеби оқулықтар мен олардың шығармашылығы заманауи үлгіде ұсынылған.

Қазір қазақ жастары қазақинтеллигенциясын, Алаш зиялыларын, ұлттың мүддесін қорғап жүрген бабалары жайлы жақсы білу керек. Өзім автор ретінде айтатын болсам, «Алматы кітап» барлық авторларға шығармашылық еркіндік береді. Ешбір шаблон, шектеу қоймайды, - дейді Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов.

Айта кету керек, «Алматыкітап» баспасының 11 дүкені және екі кітап үйі бар. Әдеби салон көркемдігі мен ерекше дизайны арқылы бүгінде көпке танымал. Ертегілер мен танымдық кітаптардың сапасынан бөлек, безендірілуі көз тартады. Оның ішінде «Менің Қазақстаным» топтамасы да оқырман сұранысына ие.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға