
Астанада XI әскери-музыкалық фестиваль аясында гала-концерт ұйымдастырылды
Астанада еліміздің күштік құрылымдарының үздік шығармашылық ұжымдарының басын қосқан XI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шара дәстүрлі түрде Астана күніне орай ұйымдастырылып отыр. Фестиваль аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше өнер тарту еткендер қатарында Президенттік оркестр, Мемлекеттік күзет қызметінің оркестрі, ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық әскери оркестрі мен ансамблі, Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблі, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінің орталық ансамблі бар.
Концерттер қаланың бірнеше саябағында — «Ғашықтар», «Жерұйық» және «Жетісу» алаңдарында ашық аспан астында өтті.
Әскери-музыкалық шараның шарықтау шегі – «Қазақ елі» алаңында өткен салтанатты гала-концерт болды. Онда әскери оркестрлер мен ансамбльдердің ең үздік қойылымдары көрермен назарына ұсынылды.
«Әскери керней» фестивалі әскери-музыкалық өнерді дамытуға, күштік құрылымдар мен қоғам арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, сондай-ақ жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған.