Жаңалықтар

Астанада «Ulytau» этно-рок тобының мерейтойына арналған концерт өтеді

Астанада «Ulytau» этно-рок тобының мерейтойына арналған концерт өтеді
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 20.10.2023 20:38 546

24 қазанда «Барыс-Арена» мұз сарайының сахнасында аңызға айналған «Ulytau» этно-рок тобының 25 жылдығына орай үлкен шоу өтеді. Елорданың коммуникациялар қызметіндегі брифингте концерт туралы топтың негізін қалаушы және продюсері Қыдырәлі Болманов пен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина айтып берді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көрермендер этно-рок тобының және өзге танымал әншілердің өнеріне куә болады. Олардың қатарында Қарақат Әбілдина, Майра Мұхамедқызы, RaiM, Kalifarniya, Amre, Qanay бар.

Қыдырәлі Болмановтың айтуынша, «Ulytau» – бұл батыс пен шығыс мәдениеттерінің бірігуі, ал осыған ұқсас жоба әлемнің еш жерінде жоқ. Скрипканың нәзік әуені қазақтың қара домбырасымен әдемі үйлеседі, ал электрлі гитараның айқын екпіндері топты шын мәнінде ерекшелей түседі.

Топ музыканттары әлемдік композиторлар – Бах, Вивальди, Паганини, сондай-ақ халқымыздың Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Нұрқисса Тілендиев секілді тұлғалардың шығармаларын орындайды.

Концерт 24 қазан күні сағат 20:00-де «Барыс-Арена» сахнасында өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға