Астанадағы Орталық саябақта ашылған Dinoworld соңғы күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қозғалатын алып динозаврлар, аузынан бу шығаратын экспозициялар, роботтандырылған модельдер мен табиғи атмосферасы бар жаңа парк балалардың ғана емес, ересектердің де қызығушылығын оятты.
Қазір нысан техникалық режимде жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, келушілер саны көп. El.kz тілшісі парк аумағын аралап, жоба авторларының бірі Асанбай Ақмеңтаевпен тілдесіп қайтты.
«Балаларды ойнататын орындардың бәрі бірдей болып кеткен»
Dinoworld жобасы – үш кәсіпкер достың ортақ идеясынан туған бастама. Жоба авторларының айтуынша, қазіргі балаларға арналған ойын-сауық орталықтарының көбі бір-біріне ұқсас.
Төрт балам бар. Балаларды ойнатуға апарған сайын бәрі бірдей екенін байқаймын. Сауда орталықтарына кірсеңіз, шарик, автомат, ойындардың форматы ұқсас. Ал ашық аспан астындағы ерекше орындар аз. Біз бала кезде екі нәрсеге қатты қызығатынбыз: бірі – ғарыш, екіншісі – динозаврлар. Осы идея сол қызығушылықтан туды, – дейді Асанбай Ақмеңтаев.
Кәсіпкерлердің мақсаты – балалар мен ата-аналар бірге уақыт өткізетін, табиғи атмосферасы бар отбасылық кеңістік құру болған. Жоба үшін бірнеше орын қарастырылып, соңында таңдау Астанадағы Орталық саябаққа түскен.
Бұл – көп адамның балалық шағы өткен жер. Сондықтан дәл осы паркке ерекше жоба жасағымыз келді, – дейді кәсіпкер.
Dinoworld – Орталық саябақпен бірлесіп жүзеге асқан жоба. Команда парк аумағындағы табиғатты сақтауға ерекше назар аударғанын айтады.
Бірде-бір ағаш кесілген жоқ. Керісінше, жасылдандыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Гүл егеміз, ағаш көбейтеміз, – дейді жоба авторы.
Парк ішіндегі жолдар да табиғи ағаштан жасалған. Асанбай Ақмеңтаевтың айтуынша, арзанырақ материал қолдануға мүмкіндік болғанымен, команда әдейі табиғилықты таңдаған.
Асфальт немесе брусчатка төсеуге болар еді. Бірақ біз табиғи атмосфераны сақтағымыз келді. Сондықтан қымбат болса да ағаш қолдандық, – дейді ол.
12 фурамен жеткізілген динозаврлар
Жобаға шамамен 600 миллион теңге инвестиция салынған. Команда паркті алдағы уақытта да дамытуды жоспарлап отыр. Жобаны толық дайындауға жарты жылға жуық уақыт кеткен. Осы аралықта келіссөздер жүргізіліп, құрылыс пен логистика қатар жүрген. Паркке қойылған барлық динозавр Қытайда жасалған. Оларды Астанаға жеткізу де оңай болмаған.
Бір динозавр бір фурамен келген кездер болды. Жалпы 12 фура келді. Қытайдан арнайы мамандар шақырттық. Олар қазір де жұмыстарын жалғастырып жатыр, – дейді кәсіпкер.
Қазір парк аумағында 50-ден астам динозавр түрі бар. Жалпы экспозициялар саны 60-тан асады. Мұнда алып брахиозавр, бірнеше тираннозавр рекс, спинозавр, трицератопс, ұшатын модельдер, динозавр-көліктер мен ән айтатын робот-динозаврлар қойылған.
Балалардың жаттап алған динозаврларының бәрін қамтуға тырыстық, – дейді жоба авторы.
Парк ішіндегі кейбір динозаврлардың аузынан бу шығады. Әсіресе кешкі уақытта бұл ерекше атмосфера қалыптастырады. Команда экспозициялардың шынайы көрінуіне де баса мән берген. Сол себепті пластиктің орнына арнайы силикон материалын таңдаған.
Қазақстанда пластик динозаврлар көп. Олар қозғалған кезде кәдімгі робот сияқты көрінеді. Ал біздегілердің қозғалысы мен терісі шынайы әсер береді. Денесі бұрылған кезде тірі ағза сияқты қозғалады. Сондықтан арзанына емес, сапасына мән бердік, – дейді Асанбай Ақмеңтаев.
Оның айтуынша, барлық динозавр электр қуатымен жұмыс істейді. Команда қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударған.
Балалар көп болғаннан кейін тоқ мәселесіне қатты мән бердік. Барлық сымды жер астына көмдік. Экспозициялардың бәрін арнайы бекіттік. Қанша бала асылып мінсе де, құламайтындай етіп жасадық, – дейді кәсіпкер.
Қазір парк ішінде 20-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар күн сайын динозаврлардың жағдайын тексеріп, тазалығын бақылап отырады.
Балалар кейде үстіне мініп, жыртып тастайтын жағдайлар болады. Сондықтан күн сайын тексеріп, қажет жерін бірден жөндейміз, – дейді ол.
Жалаңаяқ жүретін арнайы жол бар
Dinoworld тек динозавр көруге арналған парк емес. Мұнда балалар алаңы, демалыс аймақтары, фудкорт, сырғанақтар, құм алаңы және болашақта ашылатын шағын кітапхана да болады. Парк ішіндегі ерекше аймақтардың бірі – балалар жалаңаяқ жүретін арнайы жол. Онда тас, құм, ағаш секілді 12 түрлі табиғи материал қолданылған.
Қазір балалардың сөйлеуі кеш дамып жатыр. Біз оны мелкомоториканың әлсіздігімен байланыстырамыз. Бұрын балалар ауылда жалаңаяқ көп жүретін. Сондықтан осы жолды әрі пайдалы, әрі қызық форматта жасадық, – дейді кәсіпкер.

Жалаңаяқ жүруге арналған жол /фото: Арман Мухатов
Оның айтуынша, жол бойындағы әр материал аяққа массаж жасағандай әсер береді. Команда бұл аймақты әлі де жетілдіріп жатыр. Парк ішінде роботтандырылған динозаврлар да бар. Олар арнайы кестемен жұмыс істейді. Әр 15 минут сайын шығып, балалармен амандасып, би билейді. Сонымен қатар команда алдағы уақытта гид қызметін іске қоспақ.
Адамдар жай ғана айналып кетпей, танымдық ақпарат алып шықса дейміз. Гидтер динозаврлардың тарихын, қай кезеңде өмір сүргенін түсіндіреді, – дейді Асанбай Ақмеңтаев.
Қазір жоба авторлары мектептер мен балабақшалармен де жұмыс істеп жатыр. Топпен келген балаларға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
«Астана суық деп қорықтық»
Кәсіпкерлер бастапқыда Астанада мұндай парк ашуға күмәнданғанын жасырмайды.
«Астана суық, жаңбырлы, динозаврлар шыдамайды» деген қорқыныш болды. Бірақ бәрібір тәуекел еттік. Астанада балалар қыс бойы үйде отырады. Сондықтан таза ауада уақыт өткізетін ерекше орын жасағымыз келді, – дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, Dinoworld тек балаларға арналған орын емес. Мұнда кешкісін қол ұстасып серуендейтін жұптар да, динозаврға қызығатын ересектер де келеді.
Бұл тек балалар паркі емес. Жалпы отбасылық атмосферасы бар ерекше орын болса дедік, – дейді ол.
Қазір парк күн сайын жұмыс істейді. Жұмыс күндері сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін, ал демалыс күндері 23:00-ге дейін ашық. Жаз мезгілінде жұмыс уақыты тағы ұзартылуы мүмкін.
Билет бағасы жұмыс күндері ересектерге – 4500 теңге, балаларға – 3500 теңге. Демалыс және мереке күндері ересектер билеті 5000 теңге, балаларға 4000 теңге тұрады. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың күтушілеріне, туған күн иелеріне, көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге және топпен келетін мектептер мен балабақшаларға жеңілдіктер қарастырылған.
Бізге интернаттардан, ерекше балалар оқитын мектептерден өтініштер келіп жатыр. Олардың бәрін тегін кіргізіп жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Қазір Dinoworld техникалық режимде жұмыс істеп тұр. Ал ресми ашылуы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне жоспарланған. Сол күні концерттік бағдарлама, лазерлік шоу және балаларға арналған арнайы мерекелік кеш ұйымдастырылмақ. Кәсіпкердің айтуынша, келесі маусымда паркті толық жаңартып, жаңа экспозициялар қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Бурабайда да жаңа Dinoworld ашу жоспары бар.
Парк өз шығынын ақтай ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді. Бірақ балалардың қуанып жүргенін көрудің өзі бөлек сезім. Біз бұл жерде табыстан бұрын эмоция мен атмосфераға көбірек мән бердік, – дейді Асанбай Ақмеңтаев.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада тағы бір ерекше саябақ ашылғаны жайлы жазған едік.