Жаңалықтар

Астанада Темірбек Жүргенов туралы кітаптар таныстырылды

Астанада Темірбек Жүргенов туралы кітаптар таныстырылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 22.01.2024 23:22 572

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында көрнекті мәдениет қайраткері Темірбек  Жүргеновтің 125 жылдығы аясында тұлғаға арналған кітаптардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері, ақындар мен жазушылар, зиялы қауым өкілдері және оқырмандар қатысты.

Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» кітабы түрік тіліне аударылса, жазушы Алмажан Өтеғалиеваның «Темирбек Жургенов: Триумф и Трагедия» кітабы орыс тілінде жарық көріп, көпшілікке таныстырылды.

«Комиссар Жүргенов» романында мемлекет қайраткерінің өмір жолы сипатталған. Ал «Темирбек Жургенов: Триумф и Трагедия» монографиялық еңбегінде Қазақ АКСР-нің Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметі жан-жақты ашылған.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Темірбек Қараұлының мұрасын насихаттауға ерекше көңіл бөледі. Қазақстан мәдениетін дамытуға қосқан баға жетпес үлесі әрдайым үлгі боп қала береді, – деді  ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.

Айта кетейік, 2023 жылы ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов жылы деп жарияланды. Халықаралық ұйым даңқты тұлғаның құрметіне орай жыл бойы түрлі шаралар ұйымдастырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға