Жаңалықтар

Астанада TEATRALL халықаралық театр фестивалі басталды

Театр фестивалі 30 қазанға дейін жалғасады
Астанада TEATRALL халықаралық театр фестивалі басталды
Фото: gov.kz 24.10.2022 13:47 1591

Астанада Республика күні қарсаңында еліміздің көрнекті театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған театр фестивалі басталды. Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының қабырғасында өтті, деп хабарлайды El.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фестивальдің ашылу салтанатына Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Театрлары қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, опера әншісі, профессор, Халық қаһарманы, театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің жары Қорлан Қалиламбекова, сол сияқты актерлер Әділ Ахметов пен Тұрсынбек Қабатов, өзге де елордалық театрлардың ұжымдары қатысты.

Дәстүрге сәйкес спектакль басталар алдында фестивальге қатысушылар қызыл кілемнің үстінен жүріп өтті. Сол сияқты мерекелік кеш барысында қазақстандық театр өнерінің шебері Әзірбайжан Мамбетовтің шығармашылық мұрасына арналған бірегей голограмма-цифрлық көрмесі өтті. Жоба авторы Бауыржан Бақтыгереев аррайы тәжірибелердің көмегімен осындай нәтижеге қол жеткізді. 

Көрмеге 30-ға жуық экспонат қойылды. Композиция заттар орналасқан көптеген бөлімдерден тұрады. 

Мұның бәрі арнайы бөлімдерге орнатылған экрандардың астында орналасқан.

Театр апталығының салтанатты ашылуында көрермен қауымға Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі қойылды.

Бір апта ішінде фестиваль бірнеше театрдың сахнасында өтеді. Жалпы, фестиваль аясында ниет білдірушілер 10 үздік отандық және шетелдік спектакльдерге тегін қатыса алады.

Фестивальдің жабылу салтанаты 30 қазанда өтеді. Салтанатты рәсім кезінде "Үздік қойылым", "Үздік ер адам рөлі", "Үздік әйел рөлі", "Екінші пландағы үздік әйел рөлі", "Екінші пландағы үздік ер адам рөлі", "Үздік сценография", "Үздік эпизодтық рөл" номинациялары бойынша жеңімпаздарға сыйлықтар табысталады. Сондай-ақ, театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Әзірбайжан Мәмбетов атындағы арнайы сыйлық тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы театр фестивалі 30 қазанға дейін жалғасады. Оған еліміздің 8 театр ұжымы және Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінен келген құрметті қонақтар – Санкт-Петербург камералық театры, Гейдар Әлиев атындағы Тбилиси мемлекеттік Әзербайжан театры, Өзбек мемлекеттік Джизак музыкалық драма театры, Т. Абдумомунов атындағы Қырғыз мемлекеттік академиялық драма театры, Түрікмен Махтумкули атындағы ұлттық музыкалық драма театры қатысады. 

Фестивальдің арнайы қонағы — ГУЛАГ тарихының мемлекеттік мұражайы (Мәскеу қаласы).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға