Жаңалықтар

Астанада самбодан алғаш рет Азия жəне тынық мұхиты аймағы елдерінің чемпионаты өтіп жатыр

Астанада самбодан алғаш рет Азия жəне тынық мұхиты аймағы елдерінің чемпионаты өтіп жатыр
Фото: Спортты дамыту дирекциясы 09.06.2023 03:22 698

Астана қаласындағы Beeline Arena спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер, жастар, жасөспірімдер мен зағип жандар арасындағы Азия және тынық мұхиты аймағы чемпионатының ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Іс-шарада Азия самбо одағының басшысы, Бүкіләлемдік самбо федерациясының (FIAS) вице-президенті Аламжон Муллаев, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Қазақстан спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов сөз сөйледі.

«Бас қаламызда осындай ірі жарыстың өтіп жатқаны қуантады. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқаны үшін Мəдениет жəне спорт министрлігіне алғыс айтамыз. Алдағы күндері елорда тұрғындары мен қонақтары қызық жекпе-жектерге куə болады деген сенімдемін. Чемпионатты ашық деп жариялаймын», деді Самат Жылқыбаев.

Бүкіләлемдік самбо федерациясының вице-президенті бұл бəсекенің несімен ерекше екеніне тоқталды.

«Астанада бұл спорттан тарихи жарыс өтіп жатыр. Неге десеңіздер, Астанада алғаш рет зағип жандар самбодан сынға түсіп жатса, əйелдер бірінші рет жауынгерлік самбодан кім мықтыны анықтайды. Сондай-ақ бүгін өткен конгресте Азия құрлығы мен тынық мұхиты аймағының елдері қосылып, осыдан кейін бір жарыста осылай жиналып, бақ сынайтыны белгілі болды», -деді Аламжон Муллаев.

Ал Айдос Ақжанов əріптестерінің сөзін қуаттай отырып, Қазақстан бұдан ауқымды жарыстарды өткізуге дайын екенін атап өтті.

Бұл күндері елордада өтіп жатқан биылғы чемпионат 30 мемлекеттен келген 600-ге жуық спортшының басын қосты. Бүгінге дейін ардагерлер мен зағип жандар арасындағы жүлдегерлер анықталды. Ал кешкі сессияда жастар жүлде жолында күш сынасып жатыр. Бұл жас санатындағы самбошылар ертең де бозкілемге шығады. Сосын, чемпионатты ересектер аяқтайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға