Астанада Республика күні ерекше балаларға арналған қайырымдылық цирк қойылымы өтті

Астанада Республика күніне орай Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің өнерпаздарының қатысуымен «Pro цирк» қайырымдылық бағдарламасы ұйымдастырылды, деп жазады Еl.kz интернет порталы. 

Ұйымдастырушылар қойылымға ерекше қажеттілігі бар балалар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін өзге де санаттағы тұрғындарды шақырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік шоу Астаналық цирктің манежінде өтті.

Көрермен алдында акробаттар, эквилибристердің жонглерлер мен сайқымазақтардың қатысуымен түрлі жанрдағы цирк қойылымдары ұсынылды.

Республика күні адамдардың басын қосып, ерекше қуаныш сыйлайтын мереке болғаны біз үшін маңызды. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай бұл күнді қайырымдылық іс-шарасымен атап өтуді жөн көрдік. «Pro цирк» бағдарламасы Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің өнерпаздарының басын қосады. Біз мәдени іс-шараларға әртүрлі санаттағы азаматтарды шақыруға және олардың цирк өнерімен танысуына мүмкіндік жасауға тырысамыз. Осындай бастамалар елорда тұрғындары үшін мәдени іс-шаралардың қолжетімді болуына ықпал етеді деп сенеміз, - деді Елорда циркінің қоғаммен байланыс және ақпарат бөлімінің басшысы Айнұр Бұлдыбаева.

Ұйымдастырушылар ерекше қажеттілігі бар балаларды шақыруға айрықша мән берді. Олар үшін циркке бару өнердің осы түрімен танысып, жаңа әсер алуға мүмкіндік болды.

«Астана қаласының мүгедек балалары қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Жолдығұлова осындай іс-шараларды ұйымдастырып, қолдау көрсеткені үшін Астаналық циркке алғыс білдірді.

Астаналық циркке ерекше алғысымызды білдіреміз. Мұнда қайырымдылық бастамаларына үнемі қолдау көрсетіліп, ерекше балаларға мүмкіндік жасайды. Балаларымыз үшін мұндай іс-шаралар күнделікті ортасынан шығып, қойылым тамашалауға және ерекше әсер алуға мүмкіндік береді. Бүгін балалар Республика күніне арналған мерекелік бағдарламаға қатысты. Бұл оларға уақытын қызықты өткізіп қана қоймай, мерекелік көңіл күйді сезініп, оның бел ортасында жүруіне мүмкіндік береді, – деді ол.

Оқи отырыңыз