Жаңалықтар

АСТАНАДА ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

АСТАНАДА ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ
30.11.2018 07:00 1900

Бүгін Астана қаласындағы «Жастар» театрында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстанға ыстық ықыласпен!» акциясының аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Қазақстандағы Өзбекстан жылына арналған мерекелік концерт өтті.

Концертті тамашалуға ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Н. Шанаи, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі С. Ниязходжаев, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігі Қауымдастығының төрағасы И. Хашимжанов, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, жастар ұйымдары келді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орайластырылып өткізілген мерекелік концерттің өзбек этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен өткізілуінде үлкен мән бар. Ағымдағы жылдың 15 наурызында ресми түрде Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланғаннан бері екі жүзге жуық іс-шара өткізілген еді.

«Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Тұңғыш Президенті күніне арнап өткізіп отырған мерекелік іс-шарада біз Қазақстандағы Өзбекстанның жылын қорытындылап отырған жөніміз бар. Концертте Қазақстанда тұрып жатқан өзбек этностарының шығармашылығымен таныс болып жатырмыз.

Екіжақты ынтымақты қатынас соңғы екі жылда жаңа даму кезеңіне шығып, тың стратегиялық жобалар жасалды. Екі ел Президенттерінің достық қарым-қатынасы бәрімізге үлгі.

Биылғы жылы Қазақстанда көптеген іс-шара өткіздік. Осы орайда Елбасының қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін.

Жақында жария болған Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында терең мағына жатыр дегім келеді. Онда Орта Азияның өркендеу мәдениетінің, тарихының терең мәні ашылып жазылған», – деді Саидикрам Низяходжаев.

Келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы деп жариялануына сәйкес Елші: «Екіжақты мәдени-гуманитарлық, экономикалық, саяси салаларда мазмұнды іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, екі ел арасындағы ЖОО ынтымақтастығын құруды көздеп, өз алдына саммит өткізбекпіз.

Жақында Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов Қазақстанға ресми іссапармен келген болатын. Сапар барасында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қабылдауында болып, Парламентаралық алаңда ынтымақтастықты кеңейту туралы міндет қойылды.

Сонымен қатар әскери-техникалық серіктестік барысында екі мемлекеттің Қорғаныс министрліктері тығыз қарым-қатынас орнатқанын да айта кету керек. Бұл біздің аймақтарда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтап отыр.

Келесі жылы Өзбекстанда осы бастамалардың барлығы өз жалғасын тауып, игі істер тыңдырылады деп күтілуде», – деп нақтылап өтті.

Қазақстанда Өзбекстан жылының аясында екі ел арасында саяси, экономика, мәдениет, әлеуметтік, ғылыми салада мемлекеттік деңгейде Президенттер алты кездесу өткізіп, министрлер түрлі саладағы мәселелерді талқылаған.

Бизнес ортада бірлескен жобалар жүзеге асырылып, тауар айналымының деңгейі өскен. Сонымен бірге ғылыми бас қосуларда қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыру туралы мәселелеріне қатысты Өзбекстан Республикасының тәжірибесімен алмасу жұмыстары қамтылған.

Мерекелік іс-шарада достық қатынасты бейнелейтін тақырыптық шығармалар көрсетіліп, театрдың ішін кернеген әуен концерт тамашалауға келген көрерменге жылылық пен сыйластық, ізгілік пен бауырластық сезімдерін тарту етті.

ҚР Мәдениет қайраткері Еділ Құсайынов, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі және Кентау қаласының «Согдиона» фольклорлық ансамблі қазақ, өзбек ұлттық аспаптарында өнер көрсетіп, залдың ішін сиқырлы әуенге толтырып, ойнақы әуенмен әсерлендірсе, Шымкент қаласының Өзбек драма театрының әртістері «Науаи және Байқара» спектаклінен және «Қожанасыр Сайрамда» музыкалық комедиясынан үзінді қойды.

Қазақ, өзбек эстрадасының жас жұлдыздары қос тілде ән шырқап, бауырлас елдердің мәдениетін ортақтастырып, жиналған қауымды думанға бөлеп, «Рапсодия» би ұжымы жарқын көңіл сыйлады.    

Концерттің қонағы – Халықаралық конкурстың лауреаты Әлішер Кәрімов өзінің репертуарындағы әндерін шырқап, достық аспанындағы әуелеген әуезге үн қосты.

Салтанатты мерекенің соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан ықылас гүлі тапсырылды.   

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға