Жаңалықтар

Астанада ҚХА су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жіберді

Астанада ҚХА су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жіберді
Фото: gov.kz 22.04.2024 01:22 311

Астанада Достық үйінің алаңынан Қазақстан халқы Ассамблеясының "Жүректен жүрекке" қайырымдылық жобасы аясында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге кезекті гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолы Солтүстік Қазақстан облысына қажетті заттары бар жүк көліктері жөнелтілді. Іс-шараға елордалық ҚХА этномәдени орталықтарының мүшелері мен жастары қатысты.

Бірнеше аймақта су тасқыны болып жатыр, еріктілер қиын уақытта шетте қалмады. Біздің көптеген отандастарымыз су тасқынынан зардап шеккендерге көмектеседі. Қазақстан халқы Ассамблеясы әрдайым көмек қолын созып келеді, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚР “Дустлик" өзбек қауымдастығы төрағасының орынбасары Хасан Шәріпов.

Қайырымдылық жобасы барлық қазақстандықтардың қолдауына ие болып, берік бірліктің символына айналды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 11 мыңнан астам еріктілер тартылған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының "Жүректен жүрекке" қайырымдылық жобасы аясында Астанадан Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарына гуманитарлық көмек жіберілген болатын.

Елордада гуманитарлық көмекті қабылдайтын 9 пункт жұмыс істейді, оған 30-ға жуық еріктілер ұйымдары қатысуда.
Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптайды. Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды. Ниет білдірушілер қажетті заттарды жинап, жинау орындарына апара алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға